Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  131


Автор: Танакөз Толқынқызы

Мен – жапырақпын, кәдімгі қайыңның жапырағы

Мен – жапырақпын, кәдімгі
қайыңның жапырағы,
Көрмеп пе едің сен оны!?
Сабағынан үзіліп жатыр әні.
Біресе жел, біресе дауыл тұрып
Күз валісін билеуге шақырады.
Мен – біреуге көйлекпін, көктем сайын
ауыстырып киетін,
Ал біреуге – жүрекпін, бір-ақ рет
өліп өшіп сүйетін,
Ал біреуге – бейнетпін, бақшасында
тау-тау болып үйіліп,
Табан асты күйетін
Сөйтіп жүріп сан кеудені сөйлеттім,
Желді ғашық ету еді ниетім...
Мен – жапырақпын, кәдімгі
қайыңның көзіндей,
Немесе көктемнің өзіндей,
Аймалап бір сүйсе самал жел
Үзіліп түсетін сезілмей.
Мен – ізбін біреуге өлең
дәптерін парақтаған,
Мен – күзбін біреуге
жер бетіне қонақтаған,
Мен – сізбін біреуге жан баласын
жанына жолатпаған
Нені ұқтыңыз сонда сіз
Соншама ұзақ телміре қарап маған?
Мен жапырақпын кәдімгі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу