Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  68


Автор: Танакөз Толқынқызы

Бұл менің шатқалым...

Бұл менің шатқалым,
Бұл менің соқпағым.
Жартастың бетіне өлең боп жазылар,
әлемді шыр айналдырып
құйын боп соққаным.
Бұлттардан тәж кигем жоқ,
Таулардан жоқ тағым,
Өкінгем жоқ оған.
Тек жарық жұлдыздың жалт етіп аққанын
Жақыным өлгендей жабырқап жоқтадым.
Бұл менің шатқалым,
Бұл менің соқпағым,
Сұлулық тәңірі тағзым ет тауларға!
Басыңды ий. Аялда. Тоқтағын.
Жоқ болдың жалт етіп, балалық,
басымнан
Жетеді бұл күнде жоққа кім?
Өкінгем жоқ оған.
Тек қана жазықсыз жүректі лақтырып
отқа мың
Дос еттім дауылды – даланың сотқарын.
Бұл менің шатқалым,
Бұл менің соқпағым.
Кім білген шап-шағын кеудемде алапат
от барын?
Жаным – өрт, сөз – жалын, шоқ – тәнім.
Бірақта әлемнің ақтүтек ақпанын
Көктем ғып ерітіп жіберер жоқ халім.
Өкінгем жоқ оған.
Тек қана суырылып шығатын өлеңмен
топта мың
Дәл сенің алдыңда іркіліп, неліктен
тоқтадым?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу