Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  65


Автор: Танакөз Толқынқызы

Қауырсын мұң!

Қауырсын мұң!
Сен сондай ауырсың ба?
Дайын емес екенмін ауыр сынға.
Жаным сенің жаныңа шөлдегенде
Жан бітеді қолымда қауырсынға.
Тәңір таудың тәжіндей Тәңір шыңда,
Сен боп сөйлер қарағай, самырсын да.
Жетіп келсін жұлдыз боп сағынышың,
Түнді қара шапан ғып жамылсын да.
Тұмауратқан бұлт, сен ше?
Тәуірсің бе?
Тәуір бола алмаған сәуірсің бе?
Ымыраға келмеген өзімсің бе?
Ыңырана сөйлеген дәуірсің бе?
Қаным тасып жататын тамырсың ба?
Қысылады шыңғырып жаным шыңда.
Жыласын деп қалдырдым
атыңды ойып,
Өлеңіме... Өмірге... Самырсынға...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу