Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  116


Автор: Танакөз Толқынқызы

ҮНСІЗ ОТЫРМАШЫ!

Үнсіз отырмашы!
Сұп-суық болып тұр күн неге? Деші
Үнсіз отырмашы, бірдеңе деші...
Қалай сүйетініңді айт!
Көңілді отырып та
Егилип...
Өртеніп...
Күйетініңді айт!
Айта алмасаң,
«Тәңірім-ау! Енді не істейін?»– деп сұрауыңа болады.
Айта алмасаң, оның орнына
жылауыңа болады...
Махаббат туралы тек шық сөйлесін!
Махаббат туралы өксік сөйлесін...
Махаббат туралы өкпе сөйлесін.
Сөйлесін...тіпті текке сөйлесін...
Махаббат туралы көктем сөйлесін!
Жай сөйлемесін ол!
Өктем сөйлесін!
Махаббат туралы жүрегің тұрмақ
сүйегің сөйлесін!
Махаббат туралы кемсеңдеген
иегің сөйлесін!
Адайы домбыраның шегі үзіліп?
Тиегі сөйлесін.
Махаббат туралы бізді күтіп
күреңіткен алаңқай сөйлесін!
Махаббат туралы жан айқай сөйлесін!
Үнсіз отырмашы!
Одан да жылай сал...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу