16.09.2022
  244


Автор: Тəпей Қайысханұлы

АҚ БӨКЕН

Жатқан көлбеп, сыры мол тау қатпары,
Қанша ғасыр басынан аунатты ары.
Тірлік отын сөндірмей құдіретімен,
Бар пендені келеді баурап тағы.
Кетпесе де астарын бəрі аңғарып,
Қойнауыңнан қандай аңыз таралды анық?
Көрінеді су орған беткейлерің,
Əжіміндей əжемнің тарамдалып.
Қияменен тегіңнен жан дос па едің?
Қандай ғажап қыран құс тауда өскенің.
Тəкаппар ең əлде сен көк серісі,
Ақ жолақ қып кетіпсің жартас бетін.


Туса деп бір алдыдан қайырлы күн,
Шымылдық қып қауышқан қайың бүрін.
Қанша ғашық тұсауды талқан қылып,
Өз отауы етті екен қай үңгірді.
Айырылып ол шақта теңдігінен,
Күнің көп қой, елім-ай, тентіреген.
Сырлас болған осынау ұлы тауға,
Жаралды екен мойымас еркің неден?
Көрмекші екен бақытын қайда сынап,
Қаша көшу– секілді айласы нақ.
Кесірінен сол істің түскен талай,
Мезгілі өтпей қуарып сар жапырақ.
Шын көрдің бе өсегін жақыныңның,
Жел үрлеген қамыстай жапырылдың.
Қапияда оққа ұшқан көк кезеңде,
Кескіні əлі есімде батыр ұлдың.
Не керемет қолыңнан жарата алдың,
Қайта өзіңнің бойыңа жара таңдың.
Ізі қалды, əйтеуір, естен кетпес,
Шаңырағын сүйреткен сары атанның.
Қасіреттің бұлты ауып келіп пе еді,
Еске алады ұлы тау кейіп нені?
Көрінеді сонда өлген бейуаздардың,
Қыраттарда елбиіп бейіттері.
Сиқырлы үміт сан қилы күй кештіріп,
Бір жаңарып келеді бірде ескіріп.
Отыр мені осынау өмір ізі –
Үркін-қорқын өткенмен тілдестіріп.


Əлі есімде өспеген қырда санам,
Деп ойлаушы ем тағдырмен тілдесе алам.
Көз алдымда кеткен-ді тажал оғы,
Ақ маралды жазым ғып бір тасадан.
Жан үзбеді, əйтеуір, жан үзбеді,
Бəлкім, онда жаңа бір пана іздеді.
Əлі жатқан секілді сондағы бір,
Қара жерге басылған қан іздері.
Ырыздығын ен дала беріп тегін,
Ерікті едің қоңыр аң, ерікті едің.
Сірə, қайда үркітті мылтық дауысы,
Туған жердің аяулы еліктерін.
Көз жасы ма зар жұтқан дүрбелеңнен,
Мөлдір шықтар домалап тұрды еменнен


Шошыды ма сол сəтте бір топ бөкен,
Қара үзді шаң беріп бір белеңнен.
Жіберсең де мекенін бөліп анық,
«Өлмегенге жолығар өлі балық».
Бара жатты жалтақтап бейкүнə аңдар,
Жағасында жайылар көлі қалып.
Жол тартса да жат елге қияндағы,
Өз мекенін, дариға-ай, қия алмады.
Бірақ, бірақ естімей мылтық үнін,
Еркін жүрер жоқ еді тиянағы.
Маңдайына жазған бұл сорма қалай,
Қуғын көрді, дүние-ай, қия алмады.
Бастап бəрін ақ бөкен сондадағы,
Тарта берді елсіз бір жонға қарай.


Сұрқын көрер жайың жоқ тіпті, шыдар,
Жолбарысқа жолықты түкті шұбар.
Қоңыр аңның қас жауы қашандағы,
Бұл таудың да нелер көп «мықтысы» бар.
Болсадағы момынның мəлім күші,
Іске аспады тəңірге жалынышы.
Кейбіреуін бас салып қалтарыста,
Жыртқыштардың шайнады кəрі тісі.
Еи, адамдар, бейуаздың қайғысын ұқ,
Қайғысын ұқ ендеше, қарғысын ұқ.
Төзбеді ме кейбірі жат мекенге,
Қалды анау, мұз тауда, қарда үсініп.
Басқан талай даланың сары құмын,
Қаншау еді əуелде саны мұның?
Жалғыз қалды ақ бөкен ақырында,
Ішке бүгіп таусылмас зары-мұңын.
Еншісі ме берілген келе өмірге,
Сергітпейсің қайғы-мұң неге мүлде?
Жасаурап тұп-тұнық қара көзі,
Мүлгіп қана тұр жалғыз белегірде.
Бар тақсырет жанына бата ма екен,
Көз алдынан кетпейді ата мекен.
Есіркемей еркесін тентіреткен,
Тағдыр, тағдыр не деген қатал, өктем!
Кеудесіне үміттің гүлін қадап,
Шықты кенет алыстан бір үн ғажап.
Елеңдеді ақ бөкен құлақ түріп,
Ұмытылып есінен бұрынғы азап.


Туған жерін көктемде іздеп келіп,
Қайтатұғын ол шағын ізгі өткеріп.
Оңтүстіктен көрінді тырна легі,
Қоңыраулы керуендей тізбектеліп.
Уақыт – сағым секілді шын аумаған,
Өтті бастан қайғылы жыл аунаған.
Келе жатқан жаңаша көктем алып,
Үні еді ол солардың тыраулаған.
Əжім жолын шимайлап жүзіңе кіл,
Жасырмайды-ау, дегенмен ізін өмір.
Келе ме əлде бағыштап бар бақытын,
Тырна дауысы жеткен сол үзіле бір.
Асқақ шығып асса да талай белді,
Жай үн емес əн болып тарай келді


Қарадайын елітіп түз серісі,
Тырналардың көшіне қарай берді.
Түскендей бір күй-толқын арнасына,
Қанат қағып барады қайда асыға?
Кететіндей қосылып тобына оның,
Шықты бөкен ойнақ сап тау басына.
Жеткіздір деп мұңымды түптен ұғып,
Бəлкім, бейбақ солардан күткен үміт.
Төбесінен, əйтеуір, айнала ұшты,
Тырналардың тізбегі кілт бұрылып.
Оларда да бар екен осы көңіл,
Өзгергендей боп кетті тосын өмір.
Тартып жатты бір ұлы симфония,
Көк пен жердің серісі қосыла бір.


Тілдерімен беймəлім, сыр ақтарып,
Жатыр ма əлде мұң-шерін сұрап та анық.
Көптен көрмей бір-бірін сағынған-ау,
Ата мекен, дариға-ай, жырақ қалып.
Аялдамай аспанның қонақтары,
Көтерілді бағдарын оңап тағы.
Қалды жалғыз жапанда ғарып бөкен,
Кеткендей-ақ сабырын тонап бəрі.
Аң да болса өзіндік сезімі алқып,
Тұрған еді əлігінде қызығы артып.
Кете барды қош айтып көп серілер,
Көк жүзіне түп-түзу сызық тартып.
Көзіне ілмей мынау бір құла түзді,
Тынши алмай көңілі құлазыды.
Тырналардың соңынан тұр телміріп,
Кеудесінен сағыныш құлады ізгі.
Бойлағандай терең бір сырға ұялы,
Құстар-құстар секілді сұңғыла əрі.
Өше берді үні де тырналардың,
Көз ұшында мұнарға сүңгіп ары.
Басып тағы қайғының көк шемені,
Өз мекенін соншалық көксегені.
Сағыныш үдейтін əуел десең,
Ұлы таудың егерде өпсе желі.
Жер қадырын шынында сезіпті бар,
Жоқ сияқты жəйі енді төзіп тұрар.
Айтып-айтпай осылай тұра берсе,
Жат мекенде тағдырын үзіп тынар.


Қорламасын дегендей тозақ құрып,
Тырна дауысын осылай ұзатты ұйып.
Өзі дағы соңынан ілесті ақыр,
Түйді ме ішке бір сырды ұзақ тұрып.
Асып талай жолында қырқа белді,
Ақ мекенге кідірмей тарта берді.
Бұлбұл құстар бір жақтан тамылжытып –
Сағыныш əнін, дəриға-ай, шырқады енді.
Басты нелер татыраң, құм даланы,
Іздерінен түк емес қүй қалады.
Тездей түсті тіпті, де желісі оның,
Ұмытқандай кешегі мұң-наланы.
Өкпесінен өтті ме күн аптабы,
Шыбын жанын келеді қинап тағы.


Ұшырады қиыршық тастарды да,
Құмға сіңген əдемі тұяқтары.
Күн-түн жүрді бір сəтке дамыл алмай,
Ілесті тек артынан шаңы қалмай.
Басын да бір салмады жерге тіпті,
Сəл кешіксе базары жабылардай.
Тіске шұқыр жоқ еді қылтанағы,
Тек құмменен иен дала қымтанады.
Тірлік етсе бірер күн осы жерде,
Ажал етер бірдеңе кім табады?
Тұрғандай-ақ бұрыннан асын арнап,
Көрінді алдан бір кезде жасыл алқап.
Жеделдетті жүрісін онан ары,
Уақыты жеткендей асығар нақ


Ғайып болып құм-шөлдің құр сағымы,
Құлағына естілді су сарылы.
Таяи түсті тамсанып, солай қарай,
Таусылғандай манадан тым сабыры.
Өр дауысын маңына жайған бірақ,
Жатыр екен, жойқын су жардан құлап.
Барды дағы бас қойды ғарып бөкен,
Тілегендей тек содан жəрдем-қуат.
О, тағдыр-ау, ұрлады сірə неңді?
Ақтық демі осымен тынама енді?
Бір тасадан, жалмардай дүниені,
Гүр-гүр етіп қара аю шыға келді.
Жүргендей-ақ, меңгеріп əлемді өзі-ақ,
Дəу денесін келеді əрең қозғап.
Басын жұтқан талайдың осы жерде,
Кеудесінен бықсыған дəме қоздап.
Келе жатыр зіл тасты көтеріп ап,
(Анау тисе кім-кімде өлері хақ).
Сілекейі шұбырды нəн тағының,
Азығындай даланың бөкені нақ.
О, ақ бөкен, өмірің кештік пе еді,
Келіп едің бұл жерге ес қып нені?
Таяи түсті жанына тажал тағы,
Су гүрілі үнін де естіртпеді.
Əлсіздерді бұлтартпай баса қалып,
Қанша болды жатқалы тасада анық.
Бірақ, бүгін оғы оның аусай кетіп,
Түсті суға бөкеннен аса барып.


Атылған бір жебелер сияқтанып,
Кетті бөкен судан тік бір-ақ қарғып.
Осы тездік болмаса аю оның,
Ішек-қарнын кетер ед тірі ақтарып.
Орындардай ішкі ойын арам-пысық,
Ұмтылды аю артынан аран ашып.
Оған қайдан жеткізсін бөкен енді,
Көк белестен сағым боп барады асып.
Басып тағы нелер көп қырқа-белді,
Қарай-қарай артына зыта берді.
Қалып жатты іздері өшпейтіндей,
Арқау болып осынау жырға əдемі.
Қалды қанша артында өр мен еңіс,
Байқатпады сонда да бөтен кейіс.


Сағыныштың жүректе тасқыны үдеп,
Қыза түсті толассыз «бөкен желіс».
Қоя берер енді бір еркіме деп,
Туған жердің ілінді шетіне кеп.
Аунай берді иіскелеп, шалғынына,
Жат мекенде зарыққан дерті бөлек.
Бір кезде кім бұл жерден қулады,
Оны ұмытып, шаттана қуанады.
Жатыр тіпті түбінде көк шыршаның,
Жаңбыр жуған сол кезгі құмалағы.
Сағыныштың бір күйі басталды да,
Жəрменкесін көңілдің ашты алдына.
Күн нұрымен беткейде шағылысып,
Көрінеді меруерттей тастары да.


Көзіне ыстық басылып таныс таулар,
Сағынышы, сабырын тауысты-ау, бар.
Қиыр шетте серіні өксік атып,
Қасіретпен қанша рет ауысты айлар.
Ойнақ салған еркінше серпіле бір,
Еске оралып тұр ма екен есіл өмір.
Көк кезеңнен, қыраттан, жол – мойнақтан,
Елес берді үйірі сері не бір.
Қарап жатып бəріне өзі үңіліп,
Кетті ұйқыға бір кезде көзі ілініп.
Тартсадағы жолда азап неше сөтке,
Берген неткен тағдыры төзімділік.
Қай сұмдыққа тағы өмір барады алып,
Көк шалғында жатты ұзақ дар ақалып.
Елеңдеді бір кезде əлде неге ,
Талай уақыт өткендей арада анық.
Жатты екен манадан не күзетіп,
Қалай тағдыр жаратқан сезгір етіп.
Қарайды, əйтеуір, бір түрлі секем алып,
Тал түбіне қураған мезгілі өтіп.
Үрейлі ағыс бойында таралып құр,
Қыбыр етпей сол жерге қадалып тұр.
Басы ғана қимылдап ақ селеудің,
Тыныштыққа оранған аралық бір.
Дайын асқа тезірек жеткенге асық,
Келе жатқан аш бөрі еппен басып.
Жарып кетпек сездірмей бар сыбдырын,
Сұм жүрегі зəндемнің неткен пасық!


Ежелден-ақ білетін тас бауырын,
Сезе қойды иісін қас жауының.
Оңтайланды қашуға қырға қарай,
Амалы да жоқ бəлкім, басқа мұның.
Бейуаз қанын секілді шашу – арман,
Тұра ұмтылды тұсынан ашулы арлан.
Жұлдызша ағып ақ бөкен кете барды,
Ырғып талай жыр-дөң асулардан.
Нағыз өңі көрінбей манағы анық,
Көз алдында сағымдап барады ағып.
Күре жолдай сезілді бəлкім оған,
Қорым тастар жүргісіз аяқ алып.
Күн туатын шуақты балдан ашық,
Ақ болса да ақ ерке таңға ғашық


Бар жатты құнттай қос тұяғы,
Ен даланың бетіне таңба басып.
Асты қанша алдыдан құба белді,
Дəмелі арлан далақтап қуа берді.
Бет түзеді, əйтеуір, таныс көлге,
Қандай хауып басына туады енді?
Дүниеге, бейшара-ай, тудың неғып?
Келесің-ау, өмірі қуғын көріп.
Өз тобыңнан айырылып сері не бір,
Көз жасыңмен жер бетін жудың келіп.
Жеткенінде қиырдан зарыға бір,
Алмады ма еркесін бəрі қабыл.
Біле ме екен қара жер керең құлақ,
Қанша жара түскенін жанына ауыр.


Көз алдынан кетпей бұл кең мекені,
Пəк жүрегі жетелеп келген еді.
Аялашы туған жер өз еркеңді,
Азап па оның мəңгілік теңдегені.
Білу қиын құм-дала, жонды арттағы,
Қанша болды дамылсыз жол тартқалы.
Жыртқыштарды, əйтеуір, шаңына орап,
Шыбын жанын келеді қорғап тағы.
Барған сайын адымы кең тасталып,
Ақ бөкеннің өн-бойын тер басты анық.
“Тарс” етті де кенеттен ащы дауыс,
Құлап түсті аш бөрі жер жастанып.
Ақ бөкен де мойынын бұрды жанап,
(Аң да болса таңдана тұрды ғажап).
Мылтық ұстап қолына қарагермен,
Бір жас жігіт қыратта тұрды қарап.
Ұмыт болып зарлы күн мұнда өткерген,
Аулақ қалған бір кезгі мұңлы өткелің.
Ол жігітті,
Бұл жердің қоңыр аңын,
Қорғайсың деп əлде кім міндеттеген.
Əділдіктің қорғайтын өнгенін кең,
Қоңыр аңның бағы үшін өлме мүлдем.
О, жас жігіт айналдым жүрегіңнен,
Əділеттің шыңымен тең көрінген.
Секілденіп бəрі де бөрте қанат,
Бір топ бөкен тұр еді үрке қарап.
Ақ бөкен де қосылып кетті оларға,
Өз үйірін, баспана– төрге балап.
Таң шолпаны оңынан атты ма əрі,
Секілді екен ақ бөкен– ақ тұмары.
Сағынысқан жандардай ұзақ көрмей,
Иіскелесіп бір-бірін жатты бəрі.
Шашқандай бір бəрінің өңдері арай,
Тартты бастап ақ бөкен көлге қарай.
Бара жатты осынау ақ еркелер,
Өмір сүрмек екен-ау, енді қалай?
Қайнарындай бақыттың құрымайтын,
Туған жердің көлін-ай, тұнық айдан.
Қызыққа орап жататын күн мен түнін,
Көкірегіңе келеді құйып алғың.
Түгемейін мəңгілік назы бардай,
Еркін жүрген шағала, қазы қандай!
Көк иірім бетінен өлең жолын
Тағатыңды тауысатын жарып алмай.
Айналдырмай əйтеуір, бақты елеске,
Қуаныштың күйі үдеп ақты емес пе?
Тырналар да қарсы алды...
Түсті ме əлде,
Қиырдағы жолыққан шақтары еске.
Қуаныштың жүректен ақты өлеңі,
Секілді екен өр жері– бақ мекені.
Үркітпеші жанына жара салып,
Жасай берсін даламның ақ бөкені.
Орнағандай тəтті өмір қайта əдемі,
Қоңыр желдің өпті бір майда лебі.
Бейбіт күннің бейкүнə жандары үшін,
Бұзылмасын мəңгілік қаймағы енді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу