Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  182


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ШАЛ МЕН ТАРЛАН

Біруақ мені демесең,
Демім үзілер демес ем.
Ауру менен ауыр мұң,
Желкелеп алдың неге сен?!
Ой, тағдыр-ай, тағдыр-ай!
Жаңғырады қайта баяғы үн,
Осы ма бақыт, баяның?!
Қара нар көңіл қаймығып,
Қарадай шөгіп барамын.
Ой, дүние-ай, дүние-ай!
Бала көңілі бір түрлі аласұрды,
Аласұрды, естіді талас үнді.
Жаңбыр сырылы, көкжалдың ұлығаны
Араласып, көрінді дала сырлы
Жетілмеген болса да бір күш əлі,
Шал ойымен бала ойы бірге ұшады.
Ұлығанын көкжалдың алып-қашып,
Əлсін-əлі жұтады түн құшағы.
Сəби ойын билейді ұры жалын,
Жауып тұрды аспанның нұры– жауын.
Атасының қойнында ұйқтады ақыр,
Тыңдап жатып көкжалдің ұлығанын
* **
Симай мынау даланың кең төсіне,
Жатыр екен түсінде кең көсіле.
Атасының құшағы далаға ұқсап,
Көкбөрі ойнап жүр екен кеудесінде.
Əмірің əлде күшті ме?
Уайым мінді үстіме.
Жалынып алған жалғыз ұл,
Мəңгүрттік жолға түсті де.
Ой, жазған-ай, жазған-ай;
Түгемес менің əнім ең,
Көрмедім қызық əлі мен.
Басыңнан құс та ұшырмай,
Аузыма тістем бағып ем.
Дəл осы баты-ау, бəрінен!
Ой, жалған-ай, жалған-ай!...
Ұлынан анау, түңілген,
Аһ ұрып жалғыз түнімен–
Қасіреті ауыр қария,
Терең ойдың түбінен,
Тарланның ашты үнімен.
Торығып жатып толғанды,
Бала үшін əке қормал-ды.
Жұбайы дүние салғалы,
Ширек ғасыр болған-ды.
Қырыққа ұлы таяған,
Үзілмей қойды «баяғы əн».
Күйінбей қайтып тұра алар,
Ұрпағы үшін қай адам?!
Ақылдың нарқын білмеді,
Атаны бейуаз тілдеді.
Көктемін өзі өртеді,
«Көк асу» болды мінгені.
Ойлады ма əлде, көне ізін,
(Құлағында, əйтеуір, көп ызың).
Далаға шықты қарт абыз,
Қайыңнан шауып жасаған–
Қолына ап ескі қобызын.
Қанаты болған бұрынғы,
Тарланға қарай бұрылды.
Арқанда тұрған хайуанда,
Қандай бір сезім туылды ?
Көрді де шалды жұлынды.
Алашқа аты жария,
Ақылы асқан дəрия–
Кезінде кемел бұл маңның,
Бұлбұлы еді-ау, қария.
Ширығып тұрар боз таңнан,
Шабысы қандай көз талған.
Шаппай бəйге алатын,
Дүлдүл еді-ау,боз тарлан.
Ғарыптық шалса хан басын,
Қанаты қалай талмасын,
Ат бабын білмес жалғыз ұл,
Жауыр ғып біткен арқасын. –


Жел тұяқ менің пырағым,
Жалыңа жылап құладым.
Болды ма осы тұрағың ?
Тыңдашы күйін иеңнің,
Түрулі шығар құлағың.
Манадан тұрған тосылып,
Жас ақты көзден жосылып.
Күңірене келіп күй тартты,
Күңіренді дала қосылып.
Бірде жанып, бірде өшіп,
Өткерген тағдыр бір кешіп.
Шал менен тарлан белгісіз,
Күйменен жатты тілдесіп.
Ысып бір дене суып бір,
Мың əуен ұшты сүйіп нұр.
Шал менен тарлан тағдыры–
Тағылым күйге сиып тұр.
Қағады-ау, қанат қиялы,
(Серігін қалай қияды? )
Қуатын бойға жияды–
Жиды да өксіп өрт ішек,
Шалменен бірге жылады.
Мүлгіп тұр күйге пырағы. –


Кеше гөр, менің айыбым–
Деді де қартым айырдым.
Босатты оны арқаннан,
Кетпеді бірақ, жануар.
Еткелі тұр ма кім білсін,
Хайуан да болса қайырым.
Кетпеді, баяу сілкінді,
Көзіне терең сыр тұнды.
Қобызын келіп иіскелеп,
Қарады қартқа бір түрлі?!
Жақындық əлде бар шығар,
Қарады қарт та қадала.
Шал менен тарлан, беймəлім,
Мұңдасып тұрды далада...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу