Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  631


Автор: Тəпей Қайысханұлы

БОЗ ІНГЕН

Содан бері санасаң,
Өте шыққан елу жыл.
Көк тиын қуып қарасаң,
Көк балақ болып елім жүр.
Түйеге жуық ел едік,
Көшкенде қандай көрікті ең.
Көшсек те қазір əредік,
Көшеміз авто-көлікпен.
Тиынның табар бір емін,
Саудаға түгел жетілгем.
Керегі жоқтай түйенің,
Қамдадық базарды етімен.
Оған да тоймай бір пысық,
Амалын тағы асырды.
Түйе ішінде жүрді ұшып,
Таба алмай ондай «асылды».
Жаралған қайрат, төзімнен,
Түйелер қандай асыл-ды.
Ботасы емген боз інген,
Көзіне оттай басылды.
Малының басы, құты деп,
Бермеген соң ба неше кеп–
Ап кетті мынау құны деп,
Ақшасын беріп еселеп.
Жас төгіп айна– көзінен,
Қайғысын іштей қозғаған.
Жұлқынды қатты бозінген,
Ботасы қалды боздаған.
Жүрегі нағыз тас мына,
Пендеге керек мол табыс.
Машинаға əкеліп басты да,
Зырлады анау жолға алыс.
Өздері салған кезінде,
«Жібек жолымен» тартты ұзақ.
Бұлдырап қалды лезімде,
Ботасы, жұрты артта ұзап.
Боз інген бейбақ жол бойы,
Тоқтатпай қойды боздауын.
Саудагер болса жол бойы,
Жасады берік өз қамын.
Сорасы шыққан жануар,
(Ботасы қайда, жүр қайда?)
Жетті əйтеуір бойда жаны бар, Көздеген қала жухайға.
Жануар қандай қиналды,
(Бақшаға əкеп байлады).
Таңғала көріп жиналды,
Жухайдың өңшең байлары.
Маңына келсежын бүркіп,
Жолатпай қойды бірін де.
Саудагер айла тұр бүгіп,
Қолданар оған түбінде.
Боздады-ай, келіп боздады.
Бұршақтап жасы түгелді.
Қасіретін кімнің қозғады,
Егілтті кейбір көңілді.
Тас атты біреу қуана,
Дей ме екен оны боздасын.
Ішінде көптің бір ана,
Сығымдап тұрды көз жасын.
Мекені қалған көп шалғай,
Мойындап дағдыр– сорын да.
Су ішпей не бір шөп салмай,
Жатты да қойды соңында.
Тас бауыр, ашкөз адам-ай,
Таппадың оған оңды ақыл.
Аштық жариялаған анадай,
Боздаған бойы өлді ақыр.
Шошып оянар түсінен,
Сəті жоқ тыныш көзілген.
Шықпады оның түсінен,
Боздаған қалпы боз інген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу