16.09.2022
  167


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ТҮЙЕЛЕР

СӨЗ БАСЫ
Маңғаз жатқан далаға,
Тартып туған сияқты.
Түйелерге балама,
Табу қиын сияқты.
Жүйелі сөз телісем,
Түйе өзің де шөгерсің.
Əз басыңды кемітсем,
Көз жасыңды төгерсің.
Қара-қара таулардың,
Қарағанын кемірген.
Түйелердің аудардым,
Тарихын жел жемірген.
Жота-жота, жоталар,
Шөгіп жатқан түйедей.
Атан болған боталар,
Көз алдымда тұр егей.
Сілем-сілем тау шыңның,
Сілемдігі дарыған–
Боздағаның борандап,
Қозғағаның бір мұңды.
Боз далада озандап,
Боз інгеннің тұр үні.
Өткен өмір өзіңнен,
Өркешіңе жабысып.
Шарасында көзіңнің,
Тағдырым тұр табысып.
Сыр, Ертістен сыңғырлай,
Бері өттің де, ары өттің.
Шаңырағымды сындырмай,
Сан қатерден ап өттің.
Түйелерге жүк артып,
Шұбатынан шыр алған.
Қыр-даланы жыр-əн ғып,
Көші кел
еді шұбалған.
Сор жалаған, сор аунап,
Сорға талай түнеген.
Тағдыр ылғи сорға айдап,
Көштің қанша түйемен?!
Егіз өмір бізбенен,
Өткізіпсің қашан да.
«Жер ұйықты» іздеген,
Желмаямен Асан да.
Иір-қобы бойыңа,
Аласың ба су жинап?
Адамзаттың ойына,
Əлі күнге сыр-жұмбақ.
Иесіне шын адал,
Айтпас оны ашып та.
Түйе ғана шыдаған,
Қырық күн шөл аштыққа.
Барса мүмкін келе алмас,
Тылсым өңір жол– жерің.
Ендей өткен ең алғаш,
Африка шөлдерін.
Əр шудаңа байланған,
Тарихымның əр талы.
Өр тұлғаңа айналған,
Рухымның бар табы.
Өркеш– өмір тұғыры,
Асқан асқар таулардан.
Ойсылқара тұқымы,
Табанын жəй аударған.
Қоныс, көлін бірге алар,
Таңдар атып, кеш батқан.
Көк аспанда тырналар,
Көк шалғында көш тартқан.
Керуен-керуен қай бірі,
Арты– тарих, алды– арман.
Қара жердің қайығы,
Табанын жай аударған.
Бір бөлісіп бақты елмен,
Бірге сорды кешіріп–
Əлмисақтан ап келген,
Түйе бізді көшіріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу