Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  123


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ҚАРАЛЫ КӨШ

– Еһ, бұланай, балам-ай,
Бұл күндердің бəрі арай.
Жүрген жақсы адамға,
Бақ пен сорын бағалай.
Алман мен қашып жаудан ел,
Аштықта қайың сауған ел.
«Ағажай» əнін Алтайдан,
Аңырай айтып ауған ел.
Қош айтып аға-бауырға,
Қарсы бір жүзіп дауылға.
Қалды де қанша қалқатай,
«Сонау бір алыс ауылда».
Үріккен аумай бөкеннен,
Өңірден өттік бөке өлген.
Қаңғырды қалай қайран ел,
Айырылып ата мекеннен.
Бөгетті ашып бар төнген,
Жанын бір тығып жарты өлген.
Теңдік бір іздеп тентіреп,
Көшкен ел Алтай, Баркөлден.
Түтіні өшіп ауылдың,
Туды қанша ауыр күн.
Бейбақ дала беюаздің,
Азабымен ауырдың.
Қашқаныңмен қоймаған,
Қанға көзі тоймаған.
Сан сəбидің қос бұтын,
Қақ айырып ойнаған.
Анау жатқан көк өзен,
Ашулы өзен, долы өзен.
Жібіткенмен кенезе,
Қасіретке толы өзен.
Аш бөрідей артыңнан,
Анталаған ант ұрған.
Талай ана жынданып,
Өзенге өзін лақтырған.
Зарлы үн жетпей құдайға,
Қоса ызыңдап қурай да,
Көмусіз қалып өліктер,
Жем болған құзғын, құмайға.
Ғұмыры үшін құлшынып,
Етсе де ептеп тіршілік,
Бейғам Тибет үстірті
Қанға бір жатты тұншығып.
Қара мекеннен ел кеткен,
Қара бір нардан бел кеткен.
Басына талай өлгеннің,
Қодастың мүйізін белгі еткен.
Жаудырып оғын ысқырған,
Өкшелей жауы ықсырған.
Көшкіні көміп көш артын,
Арбаған алдан ыс-жылан.
Қара нар байқұс қос артқан,
Көшкінмен дүлей қоса аққан.
Қаңғыған қаздай қаңқылдап,
Қаралы өрге көш тартқан.
Тыныстар сəттежоқ бір дем,
Моласыз қалды көп мүрдең.
Көш қорғап жүрген атаңа,
Ажалдай келіп оқ тиген.
Шығарған қартын төріне ел,
Шақ тұрды-ау жаны бөлінер.
Боранмен бірге қосылып,
Ұлиды маңнан бөрілер.
Халы жоқ алға басар нақ,
Атаң да кеткен нашарлап.
Алдыда асау құзар шың,
Қай күні, қалай аса алмақ.
Болса да дүлей бөгеу көп,
Жүретін бізге медеу боп.
Толғағы қысты шешеңнің,
Боранмен бірге бебеулеп.
Тұншығып түгел əлем бұл
Құрдымға батпай əрең тұр.
Атаңның ерні жыбырлап,
Бибатималап əжең жүр.
Көрінбей мүлдежол алғы,
Үміттер ұшып жоғалды.
Істеп жүр əжең бар білер,
Қазақы ырым, жоралғы.
Жүрсең де темір төзіммен,
Сорғалар жасың көзіңнен.
Боздайды көште зарлы үнмен,
Ботасы өлген боз інген.
Жаңғыртты ақыр тау ішін,
Іңгəлай шыққан дауысың.
Көз жұмды бірақ жан анаң,
Ұрпағы– атар таң үшін.
Үміт шырағы жанғанда,
Арманда кетті-ау арманда.
Бақиға өзі аттанды,
Сені əкеп жарық жалғанға.
Əппақ бір қардай текті ары,
Көкірек толы кек бəрі.
Шырылдап ұшқан іңгə үнін,
Бұланай асып кетті ары.
Алай да-дүлей сол түні,
Қош деген шығар соңғы үні—
Тұманды жара бір сəуле,
Жарық етіп құзға соғылды.
Құны жоқ адам бөз құрлы,
Түз мұңлы, барлық сөз мұңлы.
Бұланай, бұланай, деп жатып,
Таң ата атаң көз жұмды.
Төніп тұр құздар құдиа,
Белгісіз күн бе, түн иə.
Көкіректі алып көшкін мұң,
Теңселіп кетті-ау дүние.
Айғайлап ессіз өкірдім,
Өкірдім ақыр бекіндім.
Жетіген қайғы желкелеп,
Басталды солай жетім күн.
Тағдырды зар, мұң теліген,
Деді ме білсін тегін кең.
Бұланай деп саған ат қойды,
Əз атаң ақтық демімен.
Шаққандай толқын кемені,
Тағдыр-ай неткен кер еді.
Жартастың түбін жармалап,
Жасырдық екі денені.
Көрмедім ондай қартты ұлы,
Ойы да биік тартты ірі.
Қойнына сені орай сап,
Əз əжең белін шарт буды.
Қанатын қайғы жайса егер,
Алатын ажал əй шебер.
Атаңның аты– Ақмырза,
Шешеңнің аты– Айшекер.
Басса да қайғы дерт бөлек,
Тіріге сенім, серт керек.
Жазған ем марқұм аттарын,
Мүйізге əрең кертпелеп.
Көрсе де қанша зорлықтар,
Тартса да қанша қорлықтар.
Қайқайды көш те зəу шыңға,
Көшіп бір жатқан шор бұлттар.
Қара аю– қайғы қапқан жер,
Қара бір қазық қаққан жер.
Қиямет қайым қияңа,
Қасірет мұз боп қатқан жер.
Қорлықты көрдей көрген жер,
Боздақты талай көмген жер.
Қарайда, қарай артыңа,
Қаралы көшке ерген жер.
Құс қанаты ұшып талған жер,
Кіндік бір қаның тамған жер.
Торғайдай жаның шырылдап,
Іңгəлап үнің қалған жер.
Таба алмай емгежарты нан,
Хал кеткен бала, қартынан.
Қаралы жандар шұбырды,
Қаралы көштің артынан.
О, бұланай, бұланай,
Мұңға бір толы бұл маңай.
Шыдайын қайтып шыбаршың,
Көзімнің жасын бұламай.
Көлдете жүріп көз жасты,
Жаңғырып шыңға сөз қашты.
Туырлық, үзік, түңлігін,
Көк мұзға жайып көш асты.
Бұлттар ғана түнеген,
Қырандар ғана түлеген.
Қазақтар ғана қадымнан,
Бұланай асқан түйемен.
Кейі ыстан өліп, кейі аштан,
Еңіреп ары ел асқан.
Тауқымет тағдыр тағы алда,
Тар еді неткен жер, аспан.
Тақымдай қысып тар өлке,
Құбыжық көрдік тағы ерте.
Ұшып бір өткен сондағы,
Сияқты ұшпа тəрелке.
Шұбырған бірге текті ізбен,
Түйелер еді тек бізбен.
Бұланайдан асырып,
Серенарға да жеткізген.
Таппаған азап, дерт емін,
Шер, мұңды күй ғып шертемін.
Күңіренген көштің соңғы ізі,
Естіген талай ертегің.
Белең де, белең бел қалып,
Желең де, желең жер шалып,
Тарадық қанша құрлыққа,
Қарадық қанша елге анық.
Арда Алтай қалған шалғайда,
Қарайлар онда хал қайда.
Бар болса балам сүйегін,
Кетейік алып Алтайға...
Қобызға сиған бар мұңы,
Өлмесе қорқыт қайда ұлы?
Кетесің сен де өлімнің
Хабары жетсе қай күні.
Таяған сайын жетер дең,
Туған жер ыстық екен ең.
Маған да деймін бұйырса,
Топырақ ата мекеннен.
Қарасаң балам жай мұны,
Қалыңдатасың қайғыны.
Шырылдап өзің туған жер,
Отаның мынау CHINA ұлы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу