16.09.2022
  195


Автор: Тəпей Қайысханұлы

БҰЛАНАЙДЫҢ БҰЛТЫ

Ой толғау
О, бұланай, бұланай,
Бұлтпен туыс бұланай.
Бұлағы мұңның ақпайды-ау,
Құлағын күйдің бұрамай.
О, бұланай, бұланай,
Бұланай деген бұл қалай?
Қайсы бір бабам қойды екен,
Жер шарындағы мұрадай.
Шатқал, жоныңда сіра анау,
Бұландар жортқан шығар-ау.
Бұлаңда бұлаң дүние,
Бұлаңдап өткен шығар-ау.
Бұлттар шөккен бурадай,
Көкпенен көрші бұл маңай.
Күнекеш күн де зорға асып,
Қойныңа келіп бұғады-ай.
Елдігімнің тірі көзі едің,
Ерлігімнің ірі өзі едің.
Аспанның жалғыз тіреуі,
Алтыннан соққан өзегін.
Бақ пенен сордың сопысы,
Зікіріңді ұзақ оқышы.
Дулығаңды бір алсаң-ау,
Дүниенің дүлей шоқысы.
Алдымен жетіп көктегі үн,
Əулие ғұмыр өткердің.
Оғыздың бастап рухын,
Жүр ме екен сенде көкбөрім.
Құзына құлып сап қалың,
Сан ғасыр сырын сақтадың.
Жасырдың қайда іздерін,
Сəйгүлік мінген сақтардың.
Мұз жапқан мəңгі шың басын,
Білу де қиын шын жасын.
Екі қапталыңды ап жатқан,
Алып бір елдер чын– машын.
Елдігін бермей жатқа анау,
Ерлігін жанға жақты алау.
Жер-ана сенің бар мұңың,
Шор мұз боп саған қатқан-ау.
О, бұланай, бұланай,
Бұланай деген бұл қалай?
Тоқтаған Нұқтың кемесі,
Қазықұрт па əлде бұланай.
Өшпеген ерлік күйі əлі,
Құлаққа бір үн құяды.
Тасыңнан ұшқын шығарған,
Ғұн мінген жылқы тұяғы.
Борасын талай оқ бөтен,
Өзіңдей биік жоқ мекен.
Ғұндардың алмас жебесі,
Ысқырып қалай өтті екен.
Түспеген мəңгі арай нұр,
Теріскейін де қарай жүр.
Тұр екен қайда арқырап,
Атила мінген ақ айғыр.
Мұзыңа сіңіп мұң-жылау,
Құзыңа жазып мың сұрау,
Домалақ шардың үстінен,
Тұнжырай қарап тұрсың-ау.
Кіреуке киіп не түрлі,
Ақ күміс жапқан бетіңді.
Табиғат сынды орданың,
Тəкаппар ханы секілді.
Сендей бір шыңға шығуды,
Арманына еткен шын үлгі.
Ұқсатты ма екен өзіне,
Шыңғысхан шырай шыңыңды.
Тарихтың талай дақбырты,
Сан дарынды əкеп дағдыртты,
Айланып жүр-ау төбеңде,
Шыңғысханның да ақ бұлты.
Олай да соққан ақ боран,
Орай да соққан ақ боран.
Оңай ма саған ақ бас шың,
Таппадың білем бақты одан.
Тап, сырын тыққан қойнына,
Əулиелердің ойында;
Дейді екен жердің тұтқасы,
Бұланайыңның бойында.
Осыған қанша ел жынықты,
Ғалымын жұмсап жылықты.
Жемтігі қалып көбінің,
Көндерін кейі жібітті.
«Гысардай» заңғар жыр өрген,
Естисің аңыз жиі елден.
Гитлерің де кісі сап,
Экспедиция жіберген.
Тылсым бір сырдай бұл əлі,
Мұһриттер мүлгіп бұғады.
Буындырып-ақ тұрғандай,
Будданың бұрау, бұғауы.
Табынып адам, тағысы,
Жаңғырып жартас тау іші.
Жадылап алған секілді,
Ламаның лаққан дауысы.


Жұмбақ боп жұртқа тек далаң,
Əлемге озған бек бағаң.
Табындырған да тарпаң шың,
Бағындырған
-ау деп қалам.
Құпия шыңның құшағы,
Қар, көшкін ғана құсады.
Соғылды екен қай құзға,
Ағылшындардың ұшағы.
Бітпейді адам егесі,
Далаға симай неге осы?
Жатпай ма анау сарғалда,
Бөкеннің бассыз денесі.
Бұлтқа сүңгіп күн ары,
Қалқиған шыңның құлағы.
Қыран боп қиял ұшса да,
Көшкіндей көңіл құлады.


Болмайын деген əуре құр,
Бойымда жасық тəуба жүр.
Түседі сынып мұздарға,
Күн кірпігінен сəуле нұр.
Жатса да сіреп мұз мұңдар,
Қасіретті қардай бұзғым бар.
Көшкіннің соңын жүр күтіп,
Етекте құмай, құзғындар.
Сарнаған жел мен сал сері,
Қобызыңды əкел шал бері.
Əулие шыңым сəлделі,
Əуреңе солай сал мені...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу