Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  96


Автор: Тəпей Қайысханұлы

АЙТЫЛМАҒАН ƏН

Өткеннің рас бəрі аңыз,
Бұлдырап кетіп барамыз.
Əйтеуір, менің жанымда,
Оранған жаны жалынға,
Жүрегім ғана сезінген,
Еліктей ерке сезіммен,
Жүретін күліп қара қыз.
Біреудің сүйген жары боп,
Жары боп айтар əні боп,
Кеткеніңде қарамай,
Жылағың келді қарадай.
Жаңа ырғақ таппай бəріне,
Таңырқап мен де барып ем.
Дағдыдан бойы аспаған,
Тағдыр да ойын жасқаған,
Ұқпаса қойсын басқа адам,
Сырыңды айтшы ашпаған.
Қырмызы қырдың гүлі едің,
Шертілмей жатқан күй едің.
Шертейік, жаным, сол күйді,
Тарасын сəтке шер мұңлы.
Дегенде келді-ау, жосылған,
(Дертін де сезіп досыңның)
Ұзамай кенет тосылдың,
Уілдеп қана үн шықты.
Тұншықты неден түршікті?
Бойыңды билеп жылы ағын,
Өксідің жұмбақ жыладың.
Айтылмай қалды бір əнің,
Жөңкіліп келіп бір ағын.
Келмеді мен де сұрағым,
Қосылып іштей жыладым.
Мұндай сəттердің бірі де,
Адамның мынау тілінде,
Айтуға оңай келмейді,
Күй болып қана тербейді.
Кеудеңдежатқан дүбір үн,
Кеудеңде жатқан күбірің,
Жиналып түгел көзіңе,
Мұңлы көз еді өзі де,
Ала алмадың-ау, іркіп те,
Дірілдеп тұрды кірпікте,
Мөлтілдеп тамшы ғұмырың.


Сарғайған анау жүзіңнен,
Сабағынан үзілген,
Жасыл өң желмен қақырап,
Тұрғандай соңғы жапырақ,
Дірілдеп желмен уілдеп,
Өзіңе мəлім бір үн кеп.
Беймəлім жалын жанғалы,
Беймəлім жауын жауғалы.
Мұң бұлты сəтке сырғып кеп,
Ағытып шетін сырдың көп,
Сездің бе əзер тұрдым мен,
Құшақтай алып сүйгім кеп.
Сондағы нөсер күйіммен,
Жүгіре шығып үйіңнен,
Тіледім себер жауынды,
Төсегім келді жауынға,
Ақ қағаз сынды жанымды.


Шеше алма
й жүрген түйін де,
Шешілер деуші ем түбінде.
Қосылар үнім үніңе,
Іңірде жаным түңілме.
Жабығып мен жүр едім,
Жалығып сен де жүдедің.
Ауырлап барып ауылыңа,
Жауын боп қайтты жүрегім.
Қара келіншекпенен қауышып,
Қара қыз жүрді жарысып,
Өкінгенмен де ендігі əн,
Саған да маған белгілі əн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу