Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  244


Автор: Тəпей Қайысханұлы

СЕН КІРЕСІҢ ТҮСІМЕ

Сен кіресің түсіме жылап, қарғам,
Сол баяғы шағыңдай жылап қалған.
Əлде кімнің сүйреген қолын сілкіп,
Қарайлайсың артыңа жырақтанған.
Жырақтардан келеді сызылып əн,
Сол баяғы қалпымен бұзылмаған.
Сен жүресің қызғыштай қорып мені,
Бұрса түзу өзге қыз жүзін маған.
Сен кіресің түсіме күліп кейде,
Күмбірлейді күй болып күйік кеуде.
Ұшып бара жатамыз тауға қарай,
Махаббаттың орыны биіктей ме?
Бұлттады ма аспаның тұнық, ашық,
Көңіліңді күйкі өмір күйі басып.
Жүрсің бе əлде, жылаулы жанарыңмен,
Əлде кімнің есігін түртіп, ашып.
Айналайын аққудай аппақ, аппақ қарғам,
Ақ жүзің де аумайтын аппақ қардан.
Аппақ болып түсіме сен кіресің,
Айнала ұшып жүрсің бе аппақ арман.
Ақ көйлегің желбіреп үстіңдегі,
Алыс маңнан құс болып ұштың бері.
Ақ білегің оралып мойыныма,
Үлбіреген ерніңмен құштың мені.
Құштың мені жо-жоқ-жоқ түсім екен,
Сағыныштың беймəлім күші ме екен?
Сарша-тамыз таңы əрең сызған шақта,
Шырылдайды даланың құсы бөтен.
Бересің-ау, қалқам-ай, жиі егіле,
Тəтті елесің түсімде, жүр өңімде.
Сияқтысың тастаған қара мақпал,
Шаштарыңды шалмағып жүрегіме.
Елесіңмен түн бойы сөйлесемін,
Ал, күндіздер оңаша ой кешемін.
Сарғайып та барамын,
Сағынышың–
Сіңіп кеткен сияқты бойға сенің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу