Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  407


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ЖІБЕК ҚЫЗДЫҢ ЖҮРЕГІ

Жібек, жібек, жібек қыз,
Жібек еді-ау, аты да.
Салдың қанша жүрекке із,
Жылап қалған артыңда.
Биік таудың шырағы,
Өтінде өскен жауынның.
Сұлулықтың шырағы,
Сəні еді ғой ауылдың.
Қос бұрымы анау туыс бір,
Қос бұлақ сынды құлаған.
Қос алма анау уыз жүр
Сұлу бір мүсін құраған.


Қылығы қандай ерке еді,
Тəтті еді-ау, тіпті, күлгені.
Қанша қыз оған елітпеді,
Мін көріп жетпей жүргенін.
Түсіңде көрген бір елес,
Жанары жанған от еді.
Тұсыңнан өтсе қыз емес,
Қып-қызыл жалын өбеді.
Қалай мін, сірə, қоймақпын,
Ұмтылып көрді-ау, бəрі де.
Ойы бар сұры бойдақтың,
Айналды арман əніне.
Қанша жан өліп-күймеді,
Жазсаң бір жатқан ертегі.
Қайда екен оның сүйгені,
Түсінбей кетті-ау, ел тегі.
Көп өтпей көрді ел көзімен,
Сырының шығып ашығы.
Үш мүшелі үлкен өзінен,
Шал екен оның ғашығы.
Шал болғанда бетім-ай,
Ұлы онымен жасты екен.
Бүркеді жүзін жетім ай,
Бұралып бұлтқа аш белі.
О, тəубə, қалай жаңылды?
Есінен мына сетер қыз.
Дəмелер аузы жабылды,
Арам тер боппыз бекер біз.
Ғашық боп өткен қанша қыз,
Біржанға– тегі өнерге.
Қорланның Естай нансаңыз,
Жүзігін салған өлерде.
Ұлпанның жайы өзгеше,
Есенай қартқа құлаған.
Жүрегі нені көздесе,
Құлы екен соның бұл адам.
Көңілде көптен жүр еді,
Жұмбағы ауыр жаралы əн.
Жібек қыздың жүрегі,
Қалай бір, сірə, жалған?
Түсінбейді күледі,
Түсінетін де тағы адам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу