Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  308


Автор: Тəпей Қайысханұлы

КӨЗ ІЛМЕДІ МАХАББАТ

Жүздеспедік көп болды, сағындың-ау,
Сезімге бай білемін шағың мынау.
Бір өңірде жүрсек те біріге алмай,
Бұл өмірде бекерге сабылдық-ау.
Жазғы бұлттай көшетін ауып белден,
Сел сағыныш мені де алып келген.
Мен келгендежаңбырлап жаның сенің,
Қуанышыңды көзіңнен анық көргем.
Сен де менің халымды білесің бе,
(Айналып жүр ойларым өсінде).
Кіретін де емес қой қызған мынау,
Дуылдаған кеңестің бірі есіме.
Ішімізден ыңылдап əнімізді,
Шамаладық шар топта əлімізді.
Қарауылға ап тұрғандай адам тұр ғой,
Бұта, бүрген, қойтастың бəрі бізді.
Қылдай нəзік білемін қыз өткелін,
Тегін емес тек мені күзеткенің.
Отырмын-ау, зəру боп тілдесуге,
Сыр сыйынан аса алмай изекті елдің.
Есе бермей еседі өзге қонақ,
Бас изеймін, əйтеуір, көзге бояп.
Қытықтайды, ақыным, ақтарыл деп,
Ақыныңыз ондайда сөзге де олақ.
Ұятыңды алдайды сезім– бала,
Шыға алмайсың сонда да өзің дара.
Қинамайын, жаным-ай, қиналайын,
Ұқтырып тұр бəр-бəрін көзің ғана.
Жұмбақ сырды, жұмбақ кеш жыр етті бір,
Екеуімізді бұл үйде жүдетті іңір.
Кіріп-шығып кеттің-ау, байыз таппай,
Тыншытпады-ау, сені дежүрек құрғыр.
Қастерлейтін халқымның салтын үнем,
Көрсетпейтін қонаққа салқын рең.
Бағып тұрмын, басқадан бөлегірек,
Төсегімді жайлырақ салдың білем.
Махаббаттың жыр-əнін жаттап анық,
Екеуіміз де ұяттан аттамдық.
Бір қарап ап құпия құм
арлықпен,
Жаттың өзің шетірек жаққа барып.
Шаршаған ең ұйықтауға тиісті едің,
Жата алмадың аунақшып тыныш, тегін.
Күлгін көрпе астынан ояу жатқан,
Естіледі ап-анық тыныс-демің.
Дала білем, тымық түн, тұйық тұман,
Тұйық тұман, беймалім, күй ұқтырған.
Сезіміміз секілді екеуіміздің,
Жаз жаңбыры сіберлеп құйып тұрған.
Сыртта жаңбыр, кеберсіп үйде еріндер,
Екі таңдай шөлдеген күйде едіңдер.
Ұғып жатқан бір-бірін қараңғыда,
Үнсіз тілін ғашықтың үйреніңдер.
Кетті деші, тəтті ойлар тарап қанша?
Қандай рахат өмірде талап қанса,
Ояу жатты екі адам осы ауылда,
Көз ілмеді махаббат таң атқанша.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу