Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  98


Автор: Тəпей Қайысханұлы

МƏҢГІЛІК САҒЫНЫШ

Ақ сəуле жабысқан түн бетімізге,
Қалған-ды үйір болып етіміз де.
Баянды бақыт, лəззəт бұйырмаған,
Бəрі де түсінікті еді бізге.
Құштарлықты құлаған алғау етіп,
Бір үмітті қуалап алға кетіп.
Хат жазыпсың бедерлеп қос жүректі,
«Арман» депсің атымды арман етіп.
Мен не дейін, қарғам-ай, кішкенесің,
Кішкенесің жүрекке түсті елесің.
Ұядағы балапан сияқтысың,
Қандай қиын зақымдау құс денесін.
Өңім тұр ғой мұңайып түске енесің,
Кішкенесің, жо-жо-жоқ, кішкенесің.
Нұр көктемнің,
Балауса– ерке күннің.
Үзу қандай қиянат ерке гүлін.
Жыртқыш па, əлде, япырау, мына жүрек,
Өн-бойымды тағы да ертеді мұң.
Еркелеген еліктің лағы едің,
Еркелеген бір тұнық бұлақ едің.
Ентелеген шөлімді қандырмадың,
Ерте неге еркімді ап мына менің.
Өткен көңіл əр неге алаңдап-ақ,
Сені қалай кінəсіз арамдамақ.
Көз алдымда көздерің мөлдірейді,
Мөлдірейді, дариға-ай, маған қарап.
Сезім ғажап жақпаған ашық шамын,
Біліп-сезіп сен дағы қашықтадың.
Қашықтадық десең те, қарағым-ай,
Көзіменен қарайсың ғашықтардың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу