Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  86


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ЖАР САҒЫНЫШЫ

Қызарып түгел құт ұя,
Тағы бір күнім батты əрең.
Оралды міне құпия,
Ойыма нəзік тəтті əуен.
Ыңылдап тұрмын қырда алыс,
Аңсайды жаным жарымды.
Үзіліп желмен бір дауыс,
Жетеді маған жағымды.
Дəл осы кеште аулада,
Көтеріп мөлдір бөбегін,
Куə боп анау тау-дала,
Тұрғандай хəлде көремін.
Алғашқы жұлдыз тумаған,
Кешкі алау əлі сөнбеген.
Сияқты болып тұр маған,
Бөбегім келіп сөйлеген.
Осындай кеште тіземде,
Екеуің бірге жантайып.
Көрінуші едік біз елге,
Бақытты жандай ғажайып.
Құштарлық қалай екенін,
Көзіммен сонда көремін.
Өлеңім едің екеуің,
Екеуің едің өлеңім.
Қиялым қайда кезіп ең,
Құс ұшпас анау құзды аттап.
Тұрғандай болып сезінгем,
Дүниені түгел құшақтап.
Бізді ұғар деймін текті адам,
Қызғанар бəлкім əлде кім?
Түсінікті еді тек маған,
Жүректі жарған əндерің.
Кірбеңдеу тартса қабағым,
Бəйек боп бірге жүдедің.
Қашанда рас, қарағым,
Жүрегің еді-ау, жүрегім.
Сүйесің білем не күйді,
Сол күйді мен де сүйемін.
Отыңа жаным ериді,
Сен үшін өмір сүремін.
Бекерге налып жүрміз-ау,
Баспаған дейсің мұң кімді?
Ұзатып бəлкім тұрмыз-ау,
Үшеуіміз бірге бұл түнді.
Сүйген бір жүрек жаңылмай,
Сағыныш шөлім қанса бір.
Тек өзің жайлы, жаным-ай,
Жазылмай жатыр қанша жыр?
Тоңып та бойым барады-ау,
Сен жаққа кеуде төседім.
Құлазып бəлкім қалады-ау,
Мен жоқта ыстық төсегің.
Көрінбей кетті ұлар шың,
Қараңғы түнді жамылдым.
Түсіңе енсем ұғарсың,
Сағынған жанын жарыңның.
Үйге кір!
Ойла жалғасын,
Сөнді анау кешкі арай да,
Бөбегің тоңып қалмасын,
Өзің де, жаным, абайла!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу