Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  89


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ТІЛІМ НЕГЕ КҮРМЕЛДІ?

Əр көңілдің пернесін нақ басатын,
Тіл– тұлпарым алысқа ап қашатын.
Топ ішінде сөйлеген шақтарымда,
«Шешен-ай» деп көп елдер мақтасатын.
Құрып қалсын дегенің «шешен» мені,
Қайтарғанда жері бар меселдені.
Тұрған шақта қасында ғашық қыздың,
Көрінбеді тілімнің еш еңбегі.
Ұрлана бір қарайтын кезіккенде,
Қыздың сырын жүруші ем сезіп мен де.
Бірақ, сонда күрмеліп тілім құрғыр,
Тұрып алды тартылып нəзік перде.
Сонда не деп періштем бақ тіледің,
Қыздың астың мойныма ақ білегін.
Енді ағытып бір жола тіл тиегін,
Жүрек сырым бұлақтай ақты менің.
О, махаббат! Не деген жаның нұрлы,
Бар еркімді өзіне табындырды.
Қос жүректің сөнбейтін алауындай,
Бір қызыл от лауылдап жанып тұрды.
Табылардай ішінен кеи керегі,
«Əңгіме айт» деп қыстайтын кейде мені.
Қылығымен қашанда қызықтырып,
Іңкəрлігін ол əйтеуір, бейнеледі.
Шырын түстей келмейтін бастан үзгің,
Бəрі қызық секілді басқан іздің.
Жіберуші ем, япырай, майша ерітіп,
Бал тіліммен жүрегін басқа қыздың.
Мен ашам ба, құшағын ол аша ма?
Айналмасын, əйтеуір, жол ашаға.
Былай-былай сөйле деп өзіме-өзім,
Жаттығулар жасаушы ем оңашада.
Бір жетекке беймəлім бағына еріп,
Əлгі қызға қаламын тағы келіп.
Тілім үнсіз болса да шалқиды кеп,
Тəтті ойларым арманның тауына өріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу