Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  147


Автор: Тəпей Қайысханұлы

КӨЗ ТАЛДЫ ТУҒАН ТАУҒА ҚАРАЙ -ҚАРАЙ...

Қиялдың қиырға ұшқан құсына еріп,
Көңілді кеткен кейбір түсінелік.
Туған тау бар көркімен көшіп келіп,
Жүрген-ай, жиі-жиі түсіме еніп.
Үзгендей зер жібегін ғұмыр– ана,
Батқанда қызыл алау күн ұяға.
Қарайсың мені қинай күн астынан,
Қараймын сені қимай құбылаға.
Дариға-ай, сенен алыс кеткелі мен,
Таппадым жаныма, əйтеу, текке бір ем.
Сен де өскен қылықты қыз, боз балалар,
Ерке еді-ау, сал-сері еді-ау, шеттерінен.
Жас күнгі жалынымды, жамалыңды,
Қия алмай қадай берем жанарымды. 
Ауылдың кінадан пəк бойжеткені-ай,
Күткелі қанша болды жауабыңды.
Баяғы басылған жоқ біздегі арын,
Үн-түнсіз үмітіңді үзбе жаным.
Тұлғасы тұрады екен туған таудың,
Барамын жүрегімнің іздеп əнін.
Дүние-ай, дүрлігіскен дүрмегіңмен,
Өшпеген ойларым да жүр көңілден.
Алаңдап менің мынау арманымнан,
Алдымда анам байқұс тұр ма егілген?
Оралмай көңілімнің көктемі көп,
Сендегі ақ нөсерін төккені жоқ.
Жүр ме əлде сəлем беріп кетпеді деп,
Аруақты аталарым өкпелі боп?!
Қиын қой ойлағанның жасау бəрін,
Пендеңнің келеке етпе бас ауғанын.
Келеді туған тауым өзің жақтан,
Бұлт жарып буырқанған асау сарын.
Күбірлеп отырғандай сопы бала,
Тыңдаймын тына қалып соны ғана.
Сіңіріп алғанымша тұла бойға,
Өшкіндеп кете барар соңын ала...
Көңілдер осы асау сарынға ауып,
Сарғайып қанша ма ауыр сағынбадық?!
Қараушы ек ұзақ сонда туған тауға,
Көрінген көкжиектеп сағымданып.
Мен тегі сенен бөлек жүре алмаймын,
Суың мен топырағыңнан құралып ем.
Қасыңнан кейінгі кез ұзағалы,
Демеймін бірге өзіңмен муза қалды.
Астынан алты қырдың əрең жеткен,
Тау жақтың тынышымды бұзады əні.
Күдерім артына бір қарайламай,
Білмеймін өтіп жатыр қалай-қалай?!
Желпінтер хабар-ошар келеме деп,
Көз талды-ау, туған тауға қарай-қарай...
Солдаттай сүмбіл-сүмбіл сұрыпталған,
Туыпты-ау, сенде талай сүйікті арман.
Маған да «Таудай бол!» деп қариялар,
Таулардың табиғаты сіңіп қалған. 
Таулар-ай, тамашалы, жаңаша əні,
Сен жайлы қалай айтсам жарасады?
Иіскелеп омырауыңды тұрсам деймін,
Асылып мойыныңа балаша əлі.
Сенде өскен ақын елдің, батыр елдің,
Жанымда жойқын рухы жатыр менің.
Қойныңда қарқарадай қар шоқы,
Үзілсе екен деймін ақыр демім.
Дедің бе, таудан ырыздық терсін кейін,
Туа да биіктерге елсің бейім.
жасанды жайлау жасап қойса-дағы,
Тау жоқ өңірді əйтеуір, жерсінбеймін.
Алысып тарпаңдардың құлағымен,
Жетіген желдеріңнен күй алып ем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу