Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  100


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ОЙ ТОЛҒАУ

Айқын нені аңғардық, бұлдыр нені,
Қалай болып барамыз бұл күндері?!
Жасағалы келіп пе ең дүниені,
Асағанды келіп пе ең бүлдіргелі?
Сал шақтардың сарқылып сазы қалды,
Сазы қалды əр неге азынаулы.
Қарыптайды, əйтеуір, ғарып көңіл
Жүректегі хикімет жазуларды.
Көңіл ауып кетті ме басқа алаңға,
Өмір ауып кетті ме басқа аралға?
Өзгеріп-ақ, барам ба басқа адамға,
Арман қайда, дариға-ай, бастар алға?!
Көк сəулелер таратқан көкте сырлы,
Көкірекпен үндесем көпке силы. 63
Кім біледі жарқ етіп жасын зауал,
Өзімді де өшіріп кетпесе игі.
Аяқтамай қиналып ақырғы əнім,
Күрсінгенім қаншама, ах ұрғаным?!
Айналсоқтай ит үрген ауыл маңын,
Түншығады кеудемде дауыл жалын.
Дауыл жалын шығарсын дамылдамай,
Алдай салшы бір уақ ақын жанын.
Ой толғасам өмірден өткен ана,
Кездерім жоқ кеткен бір көптен ала.
Сонда да, əйтеу, бұртаңдап қаншама інім,
Кетті алыстап қаншама өкпелі аға.
Ғашық болып беймəлім бала қызға,
Бір əн іздеп шығып ек даламызға,
Қызғаныш та жоқ еді арамызда,
Бірте-бірте алыстап барамыз ба?
Күлкіге өстіп япыр-ай, қаламыз ба?
Бор кемік боп жүйкесі болдыра ма,
Əкем байқұс сүйеніп домбыраға
Басушы еді бейуақта бей əуенге,
Салып алып əйтеуір, оң бұрауға,
Кетуші еді айналып мол мұраға...
Бебеу қағып қос ішек толғатады,
Сиқыр əуен мың түрлі тіл қатады.
Қасқыр ішік жамылған қара қазақ,
Көз алдыңда тұлпармен түн қатады.
Көкжал үнін естисің тыңда тағы,
Тыңда тағы...
Білдірмей таң да атады.
Күйге айналып қарт кеуде кетуші еді,
Қанат талмай ұласып құла таңға.
Бір сыр бар деп ойлаушы ем бұл адамда,
Домбыраның құлағын бұрағанда.
Қайран əке не деген сорың қалың,
Қалай-қалай үзілді соңында əнің?!
Бір құпия шежіре екенсің-ау,
Қазір сезіп отырмын соның бəрін,
Сол бұраудың ұлыңа соңы мəлім,
Келіп отыр сол күйді орындағым.
Бірақ əке өзгеше менің күйім,
Сіңіп кеткен дегенмен сенің де үнің.
Дəл өзіңдей отырып ой кешеді,
Дəл өзіңдеи ауырлап сезім жүгім.
Тірілгенің емес пе сенің бүгін,
Менен қайта жаңғырса сенің мұңың.
Түйілгенде қоп-қоңыр қара қасы,
(Ең тəуірі үңіліп қарамашы).
Қара жартас түбінде жылтыраған,
Сырғанайды ақырын нала жасы.
Қарттың сырын жаныңмен аралашы,
Аралашы, күй мұңын бағалашы.
Не күй екен?
Білмеймін əліге мен,
Сіңіп кеткен, əйтеуір, əні ме екен,
Сол күйменен қанша мұң арылды екен?
Сырғанайды алдынан лағыл мекен,
Неге сонша тағдырға тарылды екен?!
Шерткенің не, əке-ау, деп сұрағанда,
Білмейтін-ді күйге өзін құлағанда.
Бар өмірін күйменен құраған ба?!
Сырласыңдай өмірі сүйіп өткен,
Домбырамды қолыма ап сыры кеткен,
Дəл өзіңдей перзентің күй тартқанда,
Дүние түгіл бебеулеіп жылап өткен,
Оралады əреңге жылы көктем.
Көз алдымда елбеңдеп елік– өмір,
Дөңгелейді сағыммен жерік өңір.
Тегіне əлде тарта ма телі көңіл
Теңіз құлап телегей тар кеудеден,
Ереуілдеп шығамын еліре бір,
Егей еңбек етсем деп еліме кіл,
Бүгінгі емес, кешегі, бұрынғыға.
Күшік күдік құр ұлып бұрылды да,
Бұралқы ойдың ауызы əбден буылды ма?!
Асау үміт атойлап алға шықты,
Не тəйірі, тəуба, деп мұңым мына?
Текке тартқан тентек күш туылды ма?
Құру-құру қамбар үн құйылды да.
Қос ішекке күй-əуен қосыл біткен,
Шиырықтырған тұлпар ой жосыл түптен
Деп айғайлап жанымда жасын шабыт,
Төгіледі сезімдер бос іріккен,
Мен мұндалап үміттер досым күткен.
Жағар екен қай толқын қалауыма,
Құралай ой аламын қарауылға,
Киік жортып, көкжалдың үні сіңген,
Ой толғаймын осылай қара қырда,
Қара қырда отырған қарауылда!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу