Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  219


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ТАБИҒАТ ПЕН АҚЫН

Түнеріп-ақ тұр аспан,
Жауайын деп жауа алмай.
Ойларым да түн асқан,
Тұр қауызын жара алмай.
Жаумады рас, күн я,
Қойды ашуын қайтармай.
Тұншығады дүние,
Айтарын да айта алмай.
Алты қырдың астынан,
Əн келмейді желпінтіп.
Айналады аш қыран,
Екі көзі жер тінтіп.
Жұлатындай қазықты,
Жұлқынады тұлпар − ат.
Анадайдан жазықты,
Иесі де тұр қарап.
Балалар да жым-жылас,
Үйді-үйіне кетті еніп.
Дүниеге ып-ылас,
Тұр ма тəңір кектеніп.
Осылай бір тыншығып,
Даусыңмен зіл-зала.
Тұрсың білем тіршілік,
Бастасын деп ел жаңа.
Мен де тұрмын түнеріп,
Табиғатқа ұқсаған.
Жыр құсы да тіленіп,
Дейді қашан ұша алам.
Тұрып-тұрып түн аспан,
Құйды жаңбыр сібірлеп.


Табиғатпен тұтасқан,
Құйылды бір жыр− өрнек.
Үнсіз ғана осы өңір,
Ұйығандай намазға,
Тамып жатыр қос өмір,
Қыр, далаға, қағазға...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу