Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  79


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Тосыла бердім, таусыла жүдеп....

Тосыла бердім, таусыла жүдеп,
Кескінің керім ән, шұға, жібек.
Жұпарға балап деміңді жұттым
Рауандап атқан таң шуағы деп.
Лебізге балқып айрылып естен,
Көз жаза бере қайғы-мұң ескем.
Перизат туған аққу мүсіндім
Қанаттарыңа ай-күн ілескен.
Сүйкімнің бәрі жүзіне дарып,
Ізгілік көрдім ізінен анық.
Сырғаңа тұнған аялы сәуле
Сағым боп ұшты үзіле барып.
Ұрлаған сол ғой мазамды келіп,
Жүректе жалын ғазал-жыр өріп.
Сағымға сіңіп жоғалды сәтте
Мен сүйген сұлу, ажарлы көрік.
Қимайтын әсте өкпеге бөтен,
Шәрбәт күндерім шектеле ме екен?
Жібек жүзіңді жел болып сүйіп
Ілесіп сонда кетпеген екем?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу