Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  96


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Жырымдай қиялдағы жаза алмаған....

Жырымдай қиялдағы жаза алмаған,
Сендегі сүйкім ғажап, ажар – ғалам.
Мен сенің мағмұрыңа өлең төсеп
Жаныңды жырмен қауып,
мазаңды алам.
Түрткілеп түйсігімді тудың өзің,
Мөлдіреп нұрлы көзің, гүл мінезің.
Еркелеп жүрсің енді қиялымда
Құлатып аспандағы Күннің өзін.
Басқалар үлбіресе, үлбіресін,
Сен солай кірпік қағып нұрды үзесің.
Сәждеге мың иілген молда құсап
Қылады елесіңе құлдық есім.
Күйімді баса аламастан толқынысты,
Өрекпіп өзектегі өртім ішкі.
Жүрегім симайды, әттең, өз кеудеме,
Түздей кең...
Жер тынысты...
P.S.
Жырымдай қиялдағы жаза алмаған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу