Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  122


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Жаралмайды жаныңда жоқтан сенім....

Жаралмайды жаныңда жоқтан сенім,
Жалыны ыстық көзіңде от бар сенің.
Қыз көктемді құшқанмен құмарлана
Жайын білмей келемін көп нәрсенің...
Кеудемдегі махаббат кекті өлтіред,
Жанарыңа қалғандай көктем түнеп.
Жуып-шайып кетеді бар өкпеңді
Өлеңдерім жанымнан жеткен түлеп.
Еркелігің бар онда, назың онда,
Осы өлеңде өкпең де, базынаң да.
Жүрегімнің сен дейтін бөлшегі сол
Жүрегіңе медет қыл жазып ал да.
Ақ сәулелер тыныстар ай қабағың,
Күйін шертем көңілде қай наланың?!
Шоқ жұлдыздай шашырап өлеңдерім
Бұрымыңа білдің бе байланарын?!
Сырбаз-сырбаз сыр айтар
сыршылым ең,
Сүйкіміңе сұқтансам жыр сіңірем.
Сәби сынды қарайтын айналаға
Сені көрем ақ қайың бүршігінен.
Шуағынан таңдардың сені көрем,
Жүрегімнің дауа боп еміне өлең.
Көк теңізге шомам да көзіңдегі
Елесіңе емініп, тебіренем.
Сұңғыла жыр, сезімнің кемерінде от,
Жырым жүрсін жаныңда желегің боп.
Мен ақын боп кетейін сенің үшін
Ал, сен қалшы мәңгілік өлеңім боп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу