Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  70


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

ҚҰНЫҒЫП

Ақ шұға – ақша бет, гүл ерін,
Араймен аптаған түр-өңін.
Мұнарды маңытып күн шықса –
Жымия салғаны бұл – оның.
Тілінен жыр ағып, сыр ағып,
Лебізі түскендей гүл алып.
Бұралып басады, соңында –
Есілген еркелік, бұлалық.
Байыз да таппайсың тұрақтап,
Жамалы... жанары ұнап қап.
Бір аттап, екі аттап ақырын
Жылатып кетеді жырақтап.
Не деген керемет үйлесім,
Бұрала басқанын күй десін.
Күн болып кезеді көк жүзін
Күйдіріп кетеді сүймесін.
Байыппен өрілген ерек үн,
Түсінбей, түсініп келемін.
Бір-ақ тал шашына татымай
Адыра қалды-ау бар өлеңім.
Ұрынып, тағы да бүлініп...
Мезі етіп бітірді ұры үміт.
Сүзіліп қарасам қызығып,
Үзіліп кетермін...
Құнығып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу