Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  75


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

СӘЛ МҰҢАЙСАҢ...

Күркіреген кеудемнің от кемері –
Шарпып өтер, орынсыз сөкпе мені.
Жырға айналған
жанымның жасын, нұры
Сәл мұңайсаң көрерсің көктен оны.
Сәл мұңайсаң...
қамығып жерге үңілме,
Шағам деме сырымды енді кімге,
Пұл іздемей, жалғаннан жыр іздеген
Көкте жүрген құлақ тос мендік үнге.
Соны тыңда, өртенбе, өртен мейлі.
Ғайыптан кеп жаныңды сол тербейді...
Келмеске еніп кетсем де көк жүзіне
Жыр боп өнген сезімнің серті өлмейді.
Күдік кеулеп, кеткенде кеміп үміт,
Жырға айналар кеудемнің демі-күлік.
Көңіл сұлық кетер ем онсыз, сірә,
Өмір сүріп келемін соны біліп.
Жүргеніммен ортаға сыйып бөтен,
Жырсыз өмір сүргенім күйікке тең.
Қарға сүйген қызығы қу тірліктің
Арға түйген жырымнан биік пе екен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу