Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  61


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Күздің келгенін бұлттар айтады....

Күздің келгенін бұлттар айтады,
Төңірек түгел тұлданып.
Қызық қуғандар жұртқа қайтады,
Жұртқа қайтады бұлданып.
Мезгіл тезіне төзе алмайды алап,
Суынған содан күнді көр.
Тұлдыр әлемді тозаңдай қағад,
Жымысқы мінез жынды жел.
Жасанған әлем жалаңаш тіптен,
Бірінің әне көзі аққан.
Жұмақ-тын кеше
тал-ағаш біткен
Қуылған сынды тозаққа.
Сұрланған суық
құтырды тегі,
Ұмытқан, білем, Алласын.
Ажалдан бәрі үкім күтеді
Сезеді-ау түбі оңбасын.
Дауыл боп соқты
дариядай күш,
Айылын жиып үлгермей.
Таяғын ұстап қария байғұс
Ажалын іздеп жүргендей.
Мәнісі бар ма мезгілдің әнін
Көктем деп көтермелеудің.
Күз ғұмыр келіп сездірді бәрін
Алдамшы...
Бекерге келдім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу