Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  81


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Өртеніп кетті күн иіп кеп...

Өртеніп кетті күн иіп кеп,
Дидарын даламның сүйіп боп.
Қимауын қарашы батарда
Иманын оқиды биікте от...
Өрт еміп, өртеніп күйі ішкі,
Кешкілік күн мен түн түйісті.
Ғашықтар секілді құмартқан –
Екеуі қып-қызыл сүйісті.
Күн қызыл,
Гүл қызыл,
Аспан өрт,
Түнгі жыр...
түнгі жыр – басқа дерт.
Ұяттан қызарып бұлт қалды
«Әп, бәлем, көрермін, саспа» деп.
Сүйістер шашқандай іңірге от,
Күн кетті, түн қалды күбірлеп.
Жамырап жұлдыздар оянды
Құлаққа қызғаныш
сыбыр кеп...
Өсек те, өлең де айтылды,
Әңгіме еді бұл қай түнгі?
Жұлдыздар мазасын кетіріп
Ақырын керіліп Ай туды.
Ай – сұлу нені ұқсын, түсініп,
Басында тартынды қысылып.
Ақыры жұлдыздар жаудырған
Өсектен барады ісініп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу