Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  237


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Сіміріп күннен түскен шуақ-нұрды....

Сіміріп күннен түскен шуақ-нұрды,
Аралап кетті гүлдер қырат-қырды.
Дүние дел-сал күйде тына қалып,
Күйіне бозторғайдың құлақ түрді.
Керілген көктеменің көркі қандай?
Көрінген бұта біткен дертіп, Алла-ай,
Жүректі жан өртіне салып бітті
Жапырақ сылдыр-сылдыр
шолпылардай.
Түз дала тіл қатады таң ғұмырдан,
Тамылжып таңғы нұрдан
ән құбылған.
Балбырап көктен арай еріп түссе
Балқытып бала дүние бал қуырған.
Бергісіз көрінеді Айың Күнге,
Құлпырған сайын мүлде қайың, гүл де.
Самал жел сал ғұмырды сипап өтіп
Білмей жүр ақтарарын жайын кімге.
Бір талда бүршік жарған түрлі жүрек,
Өзінше сыбдыры көп, күмбірі көп.
Аралап ақша бұлтты Қар қызы жүр
Жаратқан неткен шебер бұл құдірет?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу