Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  79


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Тағы көктем, тағы да тылсым әлем...

Тағы көктем, тағы да тылсым әлем,
Қызғалдаққа қалқа деп
құлшынар ең.
Ерке желмен ырғалып аққайың тұр
Бойы сұңғақ басқадан, бүршігі өлең.
Тағы көктем – тұмадай тұна қалған.
Болмысы – жыр өлкемнің
шуағы – Ардан.
Балбырайды жер-жаһан
балқып нұрға
Түрленеді муза боп мына жалған.
Тағы көктем
Жер-көктің иіп жаны.
Көңілімді көктемнің күйі ұрлады.
Самал тербеп майысса гүл-бәйшешек
Ол бейне бір – қалқамның
қиылғаны.
Тағы көктем... таза, пәк,
тым балауса.
Гүл тағынып, атырап сырғаланса –
Мың құмартып тағы да
музаны ойлап,
Жан дүниең, қайтер ең,
жырға оранса.
Тағы көктем
Маңайым тұнық әлем,
Көктем қыздың көзінен сыр ұғар ең.
Бір ақынның музасы кетіп барад
Қарап тұрмын жай ғана құныға мен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу