Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  180


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Өңі қашқан өндірдей текті келін...

Өңі қашқан өндірдей текті келін,
Шемен-күйік шырмаған ет-жүрегін.
Телміретін үмітпен батыс бетке
Сосын жаспен жуатын бетті керім.
Белін бекем буынып ертесімен,
Бітеу жара, бітердей дерт осымен.
Жігерленіп қалатын жарын ойлап
Түспесе де қиындық желкесінен.
О, қайсарлық, сен неткен өр есім ең!
Ешбір соққы өтпейтін көбесінен.
Көздің жасын көрсетпей атасына
Мұңдасатын кеш батса енесімен.
Құр сүлдері аруақтан аумай қалған
Өзегінде өрт өксік лаулай жанған.
Күнде ақбас шал дұғасын
бағыштайтын
Жалғыз ұлым келер деп
қан майданнан.
Сұм соғыстың көрсетпе енді бетін.
Тосып қалды-ау әкесін шерлі жетім.
Жалғыз ұлы қайтпаған
қан майданнан
Жетім шалдар бесікке телміретін...
Зарлы кемпір, жетім шал,
жесір келін,
Боздатқандай даламның төсін, белін.
Соқыр үміт, қайғы-мұң, шер-сағыныш
Ошақ отын әйтеуір өшірмедің...
...Дәл осындай сорақы із өткеніңнен
Жазылмас дерт жаныңа бөктерілген.
Жазатындай жарасын жауынгердің
Белгі тақтық төсіне көк темірден.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу