Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  90


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Жақтырта қоймас қаланың өңін....

Жақтырта қоймас қаланың өңін,
Жүрегі дархан далалық едім.
Санама Сарысу сабыр күй теліп
Қиылған қыздай ағады керім.
Ғасырға шағып ғұмыр айғағын,
Өркениет кеулеп шыныдай жанын.
Самал кеп сырғып аймалап өбед,
Толқындарының тұлым-айдарын.
Тәңірі тартса талайлы шағын,
Ақ таңы сыйлар арай құшағын.
Қыз толқындары қиыла қалса
Күміс кекілін тарайды сағым.
Кер бесті күндер, кекілді ме едің?
Кеудеме сыймай жетім жүрегім...
Булығып іштен тынып аққаны
Жан ағыстарым секілді менің.
Ағыстың үні, толқынның әні,
Шетін мұңымды шертіп жүр әлі.
Мүлгіген дала, өксіген өзен
Өбектеп, менің дертімді ұғады.
Жағаңнан жайсаң сыр өпкем жаңа,
Жұпарын жұптап дір еткен дала.
Ұяңдау аққан толқынның үнін
Тыңдар ең тынып жүрекпен ғана...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу