Өлеңдер ✍️

  15.09.2022
  87


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Сенің сөздерің

Сен маған «ойламаймын, ұмытамын» дегенсің,
Сен маған «өзге жанды жылытамын» дегенсің.
Сен маған «сағынбаймын, жыламаймын» дегенсің,
Сен маған «мұң алдында құламаймын» дегенсің.
Сен маған «басқа үйде шам боламын» дегенсің,
Сен маған «басқа жерде таң боламын» дегенсің.
Сен маған «сезім шашын текке өремін» дегенсің,
Сен маған «өкпеледім, жеккөремін» дегенсің.
Сен маған «көктем болам, бақ боламын» дегенсің,
Сен маған «сені көрсем, сақ боламын» дегенсің.
Сен маған «хат жазбаймын, сөйлемеймін» дегенсің,
Сен маған «жапырақпен билемеймін» дегенсің.
Сен маған «ұйықтаймын, демаламын» дегенсің,
Сен маған «зар-шерімді жеңе аламын» дегенсің.
Сен маған «құс боламын, ұша аламын» дегенсің,
Сен маған «өзге жанды құша аламын» дегенсің.
Сен маған «басқа бақтан гүл теремін» дегенсің,
Сен маған «күз біледі гүлдер емін» дегенсің.
Сен маған «сенсіз болам, түнсіз болам» дегенсің,
Сен маған «жырсыз болам, мұңсыз болам» дегенсің.
Сен маған «шер айтпаймын, күз демеймін» дегенсің,
Сен маған «түннен сені іздемеймін» дегенсің.
Сен маған «ымырт түссе сабылмаймын» дегенсің,
Сен маған «пальтоңды да жамылмаймын» дегенсің.
Сен маған «оттан мұздай күйге енемін» дегенсің,
Сен маған «өмір сүріп үйренемін» дегенсің.
Сен маған «сағыныш не, білгенім жоқ» дегенсің,
Сен маған «жалғызсырап жүргенім жоқ» дегенсің.
Сен маған «оралмаймын сөз бергенмін» дегенсің,
Сен маған «мен бөтенмін, өзгергенмін» дегенсің.
Сен маған «өлтіреді уақытты мұң» дегенсің,
Сен маған қайта-қайта «бақыттымын» дегенсің.
Өтірікші...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу