Өлеңдер ✍️

  15.09.2022
  83


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Сағындым...

«Сағынып алмай шығушы болма сапарға»
Төлеген Айбергенов
Қош келдің көктем,
Қош келдің құстар,
Қош келдің!
Жапырақ бердің қайыңға мынау, дос бердің.
Сағынып жеткен, жабығып жеткен көктемім,
Оралса күзім, қалайша қиып қош дермін?!
Сағындым көктем...
Атамның қара шидемін,
Тоңғанда жаны, тоңғанда әлем кигенін.
Өзгергем жоқ, баяғы бала бұзықпын,
Құлаймын қуып соңынан өмір күйменің.
Сағындым әже...
Жаным да тыным тапсашы,
Сен еккен толы солмайтын гүлге бақша іші.
Көктемді шексіз сағыныпты артық менен де,
Мұңлы жанары, әжім келбеті, ақ шашы...
Іздейді самал, іздейді құстар жалғызды,
Ғашықпын мәңгі, ұмытам қалай сол қызды?
Жапырақ үнсіз...
Ол тұрды жылап, мен үнсіз...
Жапырақ мылқау...
Сағындым алғаш сол күзді...
Сатқындық неткен аяусыз еді?
Жаным мұң...
Тостаған едім, тастаған едің, шағылдым.
Қуансам бірге қуанатындар көп менде,
Мұңайсам бірге мұңаятынды сағындым...


Сағыныш дерсің жанымды менің ораған,
Сағынған жанар маған да бір сәт қараған.
Сапарға шықсам, сағыныш ізін аралап,
Мың жылдан кейін сағынып қайта оралам.
Жылытып Күннің, көздердің жарық шуағы,
Жылытып сезім, үміттің сөнбес шырағы.
Сарғайған нәзік жапырағында кеудемнің
Сағыныштардың, сағыныштардың тұрағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу