Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  74


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

ДАУЫС

Төңірегім түгел дыбыс, түгел үн,
Бірі келіп жалмап жатқан біреуін.
Тәңір берген таң қаларлық даусымды
Дүниеге таныта алмай жүдедім.
Басыма ақыр бәле болды бұл сұмдық,
Іштен тынып үнсіз ғана күрсіндік.
Шерге оранып шыққан ойлы үнімді
Қайдағы бір жұтып алды
құнсыз жұрт.
Мен түгілі даусым солай қаңғырды,
Әумесерлер қағып алып әлгі үнді,
Біреулері төбесінен балға ұрды,
Біреулері тасқа да ұрды, тауға ұрды.
Кеңірдектен мыстан тажал
қысқандай,
Амал құрып, ышқынарлық
күш қалмай.
Аяп кетем азап құшқан үнімді
Сыртқа сосын жүрем ылғи
тіс жармай.
Оңтайлы сәт туғанында өмірде ең,
Бір жаңғыртам әлемді бар деміммен.
Дүр сілкінед жаһан сонда даусымнан
Немесе өзім жанып кетем сол үннен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу