Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  76


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

ЕСКІ ЖҰРТТА

Жапырағы жайқалған соны шалғын,
Мен де бір күн сен құсап
толысармын.
Тағдыр тілген жүрегім
жырым-жырым
Жұртта қалған жаныма болысар кім?
Жұртта қалған... Кием бар
ескі көңде,
Ескі көңде бес түлер бесті кеуде.
Сере мұңды сейілтіп сонда барып,
Шеменімді шағамын өксігенде.
Дәуірлер-ай, деміккен дөңестегі,
Ескі жұртта есілген елес пе еді?
Жусанына жыр оқып жігерлене
Бөрі үніне балқимын белестегі...
Белестерден бөрі үні талып жеткен,
Түнді үркітіп, талықсып
Тәңірді өпкен.
Бұлдыраған бағзы шақ, көшпелі күн
Өрісіме жете алмай қабынды өкпем.
Сөйтіп сарнай көшемін құба-қырдан,
Құба қырда жанымнан мұң ағылған.
Ескі жұртқа еріксіз жерлеп кеткем
Ескі үрдісін бабамның мұра қылған...
Талай босап, қайтсам да талай налып,
Соққым-ақ кеп тұрады тағы айналып.
Құр сүлдерім қалада жүргеніммен
Рухым сонда қалғаны қалай да анық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу