Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  76


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Аламанда азуын Айға білеп...

Аламанда азуын Айға білеп,
Аласұрып, ұмтылды қайда жүрек?
Өлең болып ғұмырың өрілгенмен
Ойдағы кеп, сөнер ме бойдағы кек?!
Өзегінде өлең қып ар-ибасын,
Тұраны үшін тәрк еткен фәни-бәсін.
Зәрін төгіп зұлмат күн өте шықты
Жөргегінде бұлқынған сәби Қасым...
Қайырмасын шырқатпас әннің асыл,
Дімкәс, шала дәуір-тін зәрлі, насыр.
Құлағыма зарлы үнің қалған тұнып
Қасымдарды қаңғытқан қанды ғасыр.
Кеудем шерлі, көңіл пәс,
басым бодан,
Мен сүйетін қалмапты ғасырда мән.
Жанбай қалған ағаштай шала бықсып
Түзеле алмай келеді тасыр қоғам...
Тозған шақта тұлыптай ғұмыр өңі,
Ұласады түнекке түн іреңі.
Қасым жыры түркілер тұлпарының
Тұяғынан қап қойған дүбір еді.
“Ей, тәкәппар дүние”, ақ дүние,
Атилладай саған да болдым ие.
Аманаты Аманжол баласының –
Қара өлеңі қазаққа мәңгі кие.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу