Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  82


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

ОРАЛ

Түркі бабам билеген байырғы күн,
Сен ұғарсың, бір ұқсаң шайыр мұңын.
Алтын бесік кешегі Алтай, Орал,
Тұңғышыңның қанатын
қайырды кім?
Бұла шағын өткізген бөрі арланы,
Көк Түріктің күндері-ай соны,
арналы.
Батыс жаққа бейуақта аза оқиды
Оралмаған шақтарым Оралдағы.
Сайқал уақыт, сен соны естідің бе,
Азамды айттым күн батқан
кешкі іңірге?
Құсаланып басына бөрі шықса
Қайран мекен дір етер ес түбінде...
Бөрі емес-ау мен қалдым сосын ұлып,
Баянсызын бес күннің кеш ұғынып.
Тәңіріне табынып тау орнында
Түркі елінің жатқандай сесі бұғып.
Қалмағандай тағдырда басқа амалым,
Алыбымдай түюлі қас-қабағым.
Көкке ұмсынып Оралдай
қалғып кеткен
Тебіреніп тыңдаймын аспан әнін.
Тәңір ұлы түйсінер көкте сыр көп,
Шалағайдай кетпейін шетке сын боп.
Биігіне бөрілі байрақ тіктім
Орман басып Оралды кетпесін деп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу