Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  93


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

АҚ БАУЫР БҰЛТТАР

Ақ бауыр бұлттар маңып барады,
Ауып барады қалықтап әні.
Қамыға берген қаңғыбас көңіл
Сәулелі сөзден жарық табады.
Шұғыла жұтқан құбыла мекен,
Қызара батса сұғына кетем.
Ақбауыр бұлттар ақ тамақ қыздай
Ақ көңілімді ұғына ма екен?!
Сұлулық сыйған сазына керім,
Ақ тамақ қалқа — нәзік әдемім.
Алаңсыз жүзген ақ бауыр бұлтты
Ақ тамақ қыздың назы ма дедім?..
Ақ бауыр бұлттай көшім өрелі –
Ақбаян қыздай есілер еді.
Ақ бауыр бұлттар аңырай көшсе,
“Ақтабан” күндер есіме енеді.
Ақ бауыр бұлттар аялдамайды,
Аялап құшар таянған Айды.
Аялдап қалған көшпелі ғұмыр
Аядай жанға қаяу жамайды.
Ақ бауыр бұлтты жел көшіреді,
Ақ сағым ойнап белде есіледі.
Ақ бауыр бұлттай ағыла көшкен
Алаштың арда көл-көсір елі...
...Салтанаты асқан көшпелі дәурен
Ғайыпқа сіңген келмесім еді.
Сол жұртты жоқтап сабыла көшкен
Арыла көшкен көшпелі бұлттар –
Арызымды айтар шерлесім еді.
Шерлесім еді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу