Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  101


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

СЕРТ

...Баяғыда былғанған ғой мына әлем,
Мен әуелде Сақ боп туғам – бұла дем.
Ерлігіне дүр сілкінген дүр әлем.
Мен әуелде-ақ Сақ сарбазы
Шырақ ем!
Ей, есалаң ессіз тобыр, нені ұқтың?
Дүниеге Күн боп, Ғұн боп келіппін!
Қас дұшпанын қара қанға тойдырып,
Патша атанған Томиристей көріктім.
Өлексе жеп, тығындаған өңешін,
Маңайыма қаптап кетті неге сұм?!
Есін жиған Еуропа емес пе ед
Көріп алғаш ер Еділдің елесін.
Содан бері түскені жоқ өр еңсем,
Тәңірімнің алқауы ғой — көгерсем.
Өр еліммен бірге көрем – не көрсем,
Өр еліммен бір көнерем – көнерсем,
Тәңіріне ғайбат айтқан жалаңбұт,
Не жамандық көріп едің менен сен?..
Ғапыл кетіп, ғайбат айтпан ғасырға,
Азат күннің бағы барда басымда.
Күлкі болмай тексіздер мен тасырға,
Ес жиғалы егестім де ұлтым деп
Ең соңында рух боп тудым расында.
Есіңді жый, ей, есалаң, көр кеуде,
Бұл күйімді қақың бар ма көрмеуге?
Алла алдында аят оқып тұрамын
Жер бетінде ақырғы адам өлгенде.
Жер бетінде ақырғы ақын өлгенде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу