Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  76


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ТАБЫЛДЫНЫ АҢСАУ

Ажалдың түсер ерте ме, кеш пе құрығы,ә,
Достарың біздер қанық ек талай сырыңа.
Ағып бір өттің құйрықты жарық жұлдыздай,
Жиналдық , міне, Табылжан сенің жылыңа!
Тіреді мұнда мықтылар бүгін ат басын,
Жоқтаса халық сендей-ақ жанды жоқтасын.
Күлімдеп бізді қарсы алар әттең сен жоқсың,
Бәрі де аман асқар тау – әкең, отбасың.
Ақын ең, әнші ең айналған күллі мақтанға,
Қалайша түстің қорқаулар құрған қақпанға?
Рухың жүр бірге, «құлақтан кіріп бойды алар»
Әсем ән болып шырқайтын талмай ақ таңға.
«Мен қазақпын» деп бір туар ұлға жарадың,
Көп еді-ау бізге өмір жайлы айтқан сабағың.
Жұдырықтай жүрек бәрін де жақын дос көрді
Өзіңдей, әне, асқақ тұр аппақ мазарың!
Қимаймыз әлі, тамшылар жас та көздерден,
Жүруші ең аулақ өсек пен қаңқу сөздерден.
Құмында ыстық іздерің қалды табанның,
«Дендерім менің» деп өттің осы Дендерден!
Қанатты әндерің шарықтап кетті аспанға,
Тілеулес қанша үмітпен күтіп, тосты алда.
«Ұнатамын мен сені» айтып ғашықтар,
Әнұран болып табысты талай жастар да!
Алмай-ақ атақ, орден мен медаль жүлдесін,
Тіктедің өзің отты жырлардың іргесін.
Әндерің қалды келер ұрпаққа мұра боп,
Сондықтан, Табыл, өкінбе, бізбен біргесің.
Ұмтылдың алға, төбені тұтпай қанағат,
Шыңдарға жетсең итерді біреу жаралап.
Ойыңда сенің тоғысты күнде мың қиял,
Әнің мен жырың біздерге енді аманат!
Қайғыға бөлеп, ағайын-туыс, жұртыңды,
Өзің де тыйып әп-сәтте әсем күлкіңді.
Қоштастың ерте, Қорабай аға айтқандай:
«Самғайтын көкке қанаттың бірі қырқылды».
Жалықпаушы едік өзіңді ұзақ тыңдауға,
Өмірің сенің жалғасар талай жылдарға.
Өсірген өзің топшысын мықты қыран ғып,
Абылдай тұяқ ізіңді басар ұл барда.
Өкпелетті ме бос кеуде жандар жаныштап,
Солардан безіп, кеттің бе бізден алыстап.
Тірінің қолынан келері сол ғой, Табылжан,
Жүрерміз әркез еске алып, құран бағыштап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу