Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  72


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ТАБЫЛДЫНЫ САҒЫНУ

Қыран ең биік көктегі,
Жаңылмас ешбір жолыңнан.
Тағдырдың мынау неткені,
Маңдайың тасқа соғылған.
Соғылған емей немене,
Көбейді жандар айыптар.
Ұқсасаң алып кемеге,
Олар ма – жәй бір қайықтар.
Ертеңге ылғи талпынып,
Ұмтылдың жырдың шыңына.
Жиналып отыр жалпы жұрт,
Табыл-ау, сенің жылыңа.
Табаның тиген сары далаң,
Жатыр ғой аңсап қырат, сай.
Уақытқа мынау таңданам,
Кеткен бе өтіп сынаптай.
Өзің ең бізді демеген,
Көңілде аңсау, күрсініс.
Табытқа сыймас ерен ең,
Қалайша жатсың тым-тырыс.
Тосқауылдарға бөгелмей,
Күткендей осы ақ таңды.
Қараймыз өзің келердей,
Аңқылдап ашып қақпаңды.
Болаттай қайнап қорытылған,
Жан едің езге жаны қас.
Ойына түсіп өр тұлғаң,
Егілді талай Қарлығаш.
Киесін жырдың ұқтырып,
Жарқылдап тың ой-алмасың.
Тыңдады сені тік тұрып,
Атырау, сонсоң Алматың.
Жүруге жақын ұмтылды,
Бірі аға, туыс, көз-көрген.
Ұйытқан жырмен жұртыңды,
Дарын ең шыққан Дендерден.
Дейсің сен көзге жас алма,
Шыдаймын қалай, жарқыным.
Қолда бар кезде қашан да,
Бағаланбай ма алтының?!
Аттанып соңғы сапарға,
Кетті ме бәрі ішіңде?
Өлмейді ақын қашан да,
Айналса да тас мүсінге!
Әділет жоқ, саған қаш деді,
Іргеңді салып жыраққа.
45 тәйірі жас па еді,
Шапшыған көкке пыраққа.
50-ді деуші ек берсе еді,
Ажалдан кім бар қаша алған?
Мазарың тұрар еңселі,
Ақ мәрмәр тастан қашалған.
Өмірдің жайлы жазы өтіп,
Тоқтады бойда ағыстар.
Басыңа келіп тәу етіп,
Дұға оқып, құран бағыштар!
Болмайды бәрін тосын деу,
Күйкі бір тірлік күнде осы.
Көңілден мәңгі өшірмеу,
Тірілердің сол ғой міндеті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу