Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  158


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ҚЫЗЫЛҚОҒА

Алып жатқан Тайсойғанның жартысын,
Көңіл бүгін көтеріліп, шалқысын.
Маусымменен күліп келген мерекең –
Қызылқоғам, құтты болсын 60-ың!
Босадық та бодандықтан, бұғаудан,
Шықтық талай қиындықтан, шылаудан.
Мал өсіріп, егін егіп, тас қалап,
Облысқа аты шыққан бұл аудан.
Егеменмін, еріктімін, азатпын,
Айы оңынан туды бүгін қазақтың.
Талай рет социалистік жарыста,
Туын жеңіп алды республика, одақтың!
Ашып тастап азаттықтың түндігін,
Паш ететін бұқараның тірлігін.
Ауданымды өрге қарай сүйреген
Жайсаңдарды жырға қосар күн бүгін.
Осы аймақтьң дәм мен тұзы бұйырып,
Кәрі-жасы келген екен жиылып.
Бұл ауданды он жеті жыл басқарды,
Аты мәлім Сейфолла аға Сүйінов.
Өткенді ойлап, ризасың, шат кеулің,
Реті жоқ ауыл кедей, аш деудің.
Өз алдына Қазақстан съезі,
Депутат боп дәмін татты Мәскеудің.
Туған ауыл – бәрі менің есімде,
Тартты ілгері ауданының көшін де.
Адал еңбек қалмайды ғой елеусіз,
Ордендері сыңғырлайды төсінде.
Алпыс жыл ма – кешегі күн бәрі аңыз,
Жайсаңдарды айтқызбай-ақ табамыз.
Төраға боп райисполкомды басқарды,
Досалиев Аташ сынды ағамыз.
Бір қаласқан осы ауданның іргесін,
Абзал жанды халқы қалай білмесін.
Рухыңыз болсын риза демекпіз,
Осы тойда өзімізбен біргесіз!
Бүгін елге аттың басын бұрар күн,
Қалай ғана тебіренбей түрармын?!
Аташ пенен Сейфолла аға біз үшін,
Қос қанаты секілді еді қыранның.
Кешегіге көз жүгіртсек аға біз,
Тарихтардың қойнауынан табамыз.
Осы өлкені жырға қосқан жыраулар
Ығылман мен Шернияздай бабамыз.
Дұшпанының басқа каптап терісін,
Бермеген де, бұғып-қорқып келісім.
Ат ойнатқан осы өлкеде Махамбет,
Алты алаштың ұлтарақтай жері үшін!
Бүгінгі ұрпақ тарихымен өседі,
Сол жастарға сөз қалдырған көшелі.
Кешегінің данышпаны, көсемі,
Мұрат Мөңкенің ізі қалған деседі.
Бойды билер алып-ұшпа сезім бір,
Туған жерін түлетуде сенімді ұл.
Зейнолла мен Сәтімжандай жазушы,
Берқайырдай ақын шыққан өңір бұл!
Ұл-қыздарын кездері жоқ шеттеткен,
Білім беріп, қияларға беттеткен.
Бәріміз де түлеп ұштық, ағайын,
Крупская атындағы мектептен.
Ойлан, досым, сабырменен салмақта,
Түлектері жүр бүгінде жан-жақта.
Борыштар ғой аққу сынды құрбы да,
Борыштар ғой жігіттер де марқасқа!
Салт-дәстүр мен ел жоғалтпай ізгі үнін,
Жерлестерім түзесе екен тірлігін.
Басшылары қамын ойлап халықтың,
Босатпасын сан биліктің тізгінін.
Алпыс жылда алып тұрсың кең тыныс,
Бойға біткен секілді тың серпіліс.
Жетпіс, сексен, тоқсаныңды тойлайық,
Халқың аман, болсын дейміз ел тыныш!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу