Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  80


Автор: Бижан Қалмағанбетов

БОЗ КІЛЕМНІҢ ШАҢЫН ҚАҚҚАН БАТЫРСЫҢ

Дәулет Тұрлыхановқа
Ел сыйлаған азаматсың бүгінде,
Бауырмалдық, жылылық бар түріңде.
Өткеніңе шолу жасап көрейік,
Қарашада сенің туған күніңде.
Осындайда жыр құйылар көмейге,
«Жақсысын айт жақсылардың» демей ме.
Кіндік қаны тамған Абай, Мұхтардың,
Сен туыпсың шежірелі Семейде.
Жалғастырар болсам сөзді ретпен,
Құттықтаймыз сені аппақ жүрекпен.
Құтты болсын, ал Дәулетжан туған күн,
Кең дүние есігін ашып, шыр еткен.
Отбасында он баланың бірі едің,
Тек ата-анаң болды пірің, тірегің.
Жастайыңнан жәрдем беріп соларға,
Талпынды алға соғып балғын жүрегің.
Дәріс оқып, білім берген талайға,
Ұстаздарын шәкірт шыңға балай ма?!
Озық ойлы болды адал педагог,
Мәрзия апай, Болат сынды ағай да.
Кимегенмен кедейшілік қамытын,
Айтқанымның өтірігі жоқ бәрі шын.
Бөкең жазда комбайнға отырды,
Үй жағдайы, бала-шаға қамы үшін.
Жоспар берік, ол кез емес демалар,
Ертегідей ойға бәрі оралар.
Дәулет сені алғаш рет апарып,
Жаттықтырған спорт залы және бар.
Қан бүлкілдеп, ширығып бір от денең,
Тер тамшылап, осы жерден кетпеп ең.
Әкеңмін деп жасамады жеңілдік,
Саған талап қоя білді көппенен.
Талпынған жан мұратына жетпек те,
Ол қалмайды талай істен шеттеп те.
Бөкең сені Алматыға ап барды,
Мұңайтпасов атындағы спорт мектепке.
Тастап елге балалықтың желігін,
Сен қыздырдың енді спорттың көрігін.
Ауылға әкең зор үмітпен аттанды,
«Қажымұқандай палуан болса» деп ұлым.
Қарсыласын Дәулеттей-ақ жайпасын,
Бұл қазақты дегендей ел байқасын.
Жанкүйердің көз алдында тұр әлі,
Шалт қимылың, сенің әрбір шайқасың.
Әріптеске жібермеген есені,
Дәулет пе ол аңыз адам деседі.
Сегіз дүркін чемпионы болып ең,
КСРО - дай алып елдің кешегі.
Халық айтса қалт айтпайды бекерден,
Шындық қымбат бізге бал менен шекерден.
«Әлем чемпионы» болған бір кез өзің ең,
Қазақстан туын көкке көтерген.
Қайсарлық бұл қуат берер тегінде,
Сенімділік, дем де құяр көңілге.
Сені көрдік әркез биік тұғырдан,
Шетелде де Барселона, Сеулде.
Біреуге іні, дос, ағасың жақынсың.
Талай игі іс тындырып та жатырсың.
Бірақ халық ұғымында Дәулетжан
Боз кілемнің шаңын қаққан батырсың.
Күндер өтер сынаптайын қас-қағым,
Зулар бәрі есте қалған шақтарың.
Парламентке депутат боп бір кезде,
Халқың қолдап, ел үмітін ақтадың.
Басқаннан соң ылғи алға оң ісің,
Кемтарлардан аямадың қол ұшын.
«Жарлы көрсем жебей жүрем әрдайым»,
Дейсің мұны азаматтық борышым.
Халқың көкке көтереді бағалап,
Жарасады палуан деген саған ат.
Жігерлі ұл боп сен үмітін ақтадың,
Әке алдында орындалды аманат!
Ешкім билік жүргізе алмас өмірге,
Сол әке жоқ, қимастық бар көңілде.
Апай төсті, құрыш білек жастарға,
Жаттықтырушы болдың бір кез өзің де.
Болса айтылар жақсы әңгіме хақы шын,
Көңіл бүгін көкке өрлеп, тасысын.
Бір ұжымның басшысысың беделді
Спорт комитетінің төрағасысың.
Жайсаңдарға артар әркез ел сенім,
Отбасыңмен байқалар да өлшемің.
Гүлнәрадай құдай қосқан қосағың,
Екі ұлың мен екі қызың бар сенің.
Ойға тоқып өткен жылдар елесін,
Толқындарды жарып жүзген кемесің.
Жаңалығын алдыңа әркез жайып сап,
Солар сені қуанышқа бөлесін.
Тілеулестер бере жатар бағаны,
Ертеңіңнің ашық болсын қабағы.
Алдыңда әлі тындырарың көп сенің,
Елуге де жеткен жоқсың сен әлі.
Ойламаймын қарттық саған жетті деп,
Бүгінгі лебіз, қабыл болсын көп тілек.
Жігер, қуат қос тізгінің қолыңда,
Соғысынан жаңылмасын от жүрек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу