Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  88


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ҚЫЗЫМ НАЗЕРКЕГЕ

Біз өзіңді мәпелеумен өсірген,
Бал қылығың кетпес әсте есімнен.
Еркелей бер ата-анаңа наздана,
Құттықтаймыз бес саусақтай бесіңмен!
Сенің әркез тілегіңді құп алып,
Жақсы ісіңе жүреміз біз қуанып.
Сахнадан көріп сені мәз болдық,
Би билейсің балғын денең бұралып.
Пендеге ол мәселе емес жиды не,
Тек сәби ғой жайнататын үйді де.
Ойыншықтармен ойнатасың жұбатып,
Қамқоршысың Ғазизадай сіңліңе.
Қимай кейде жатсаң да сен ұйқыңды,
Саған әкеп ұсынады сый түрлі.
Келсе айналып-толғанады олар да,
Үш ағаңа қарындассың сүйкімді.
Бәрін тыңдап, жібермес қалт құлағың,
Қоятын көп ата-анаға сұрағың.
Кітаптар мен журналдарға үйірсің,
Әріптердің біліп қалдың біразын.
Енді, қызым, жаңа достар табасың,
Тек солармен болсын деймін жарасым.
Өйткені сен ашып мектеп есігін,
Биыл күзде дайындыққа барасың.
Шаттық орнап, ән құйылып көңілге,
Құтты болсын айтсын достар төрімде.
Биіктерге жетсін қолың көздеген,
Сол тілегі Әлия мен менің де.
Күліп атсын тек алдыңнан ақ таңың,
Ата-ананың зор үмітін ақтағын.
Денің сау боп, еш алаңсыз өсе бер –
Нұрлы болсын бал-балалық шақтарың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу