Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  70


Автор: Бижан Қалмағанбетов

КӨКТЕМ

Теуіп-теуіп тастасаң тепсеңдерді,
Қара жерге дән шығар ексең де енді.
Қыс көрпесін сүйретіп кете барды,
Табиғаттың жас шағы көктем келді.
Ауыл-аймақ желпінтіп тың даланы,
Ағаштар да көктейді, бүр жарады.
Алтыбақан құрылып алаңдарда,
Қыз-жігіттер мәз болып ырғалады.
Алқаптар мен жан бітіп егістерге,
Наурыз келіп кәрі-жас көріскенде.
Таңғы ұйқыңнан бозторғай оятады,
Мал беттейді жайылым, өрістерге.
Құлып тұрмас бұл күндер есігіңде,
Ескі өкпеңді болады кешіруге.
Ауылдастар той етіп атап өтер,
Аман-есен жеттік деп осы күнге.
Тәтті әуендер кетпейді құлақтардан,
Сәлемдеме жетеді жырақтардан.
Киіз үйге қарлығаш ұя салып,
Бір әуезді үн естілер бұлақтардан.
Мейірімді де, ақкөңіл көрінесің,
Қиялдарға бейуақыт берілесің.
Қыста киген тоныңды шешіп тастап,
Өзің де бір ерекше жеңілесің.
Жайсаңдар мен жақсы кеп ортамызға,
Қазағымның айналсын салты аңызға.
Мейірімділік құйылып жанарлардан,
Көктем-көңіл тілейік баршамызға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу