Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  62


Автор: Бижан Қалмағанбетов

БИ КЕШІНДЕ

Тұманды шақ түсім бе,
Бәйтерек ем мәуелі.
Үлкен залдың ішінде,
Қызды бидің әуені.
Қыран жігіт қорқа ма,
Аяқтарын нық басып.
Алып шықты ортаға,
Бойжеткенмен жұптасып.
Бітер емес егесі,
Ей, бозбала, қызынба.
Гүл майысқан денесі,
Сұлу екен қызың да.
Ашылып бір сөйледі,
Мұндайда кім тартынбақ?
Көтеріліп көйлегі,
Бура сандар жарқылдап.
Қандай қызық тамаша,
Ал үнсіздік дұрыс па?
Бір қыз тұрды оңаша,
Көңілсіздеу бұрышта.
Несіне мен именем,
Болмас сірә тым айып.
Шақырдым да биге мен,
Тұрған қызды мұңайып.
Жүр далаға шығалық,
Қиям саған түнімді.
Деген сәтте ол қуанып,
Бетіне қан жүгірді.
Әп дегенде-ақ өшті мұң,
Балбұл жанып гүл өңі.
Құшып тұрып естідім,
Алқынып тұр жүрегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу