Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  183


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ҚЫЗДАР

Қыздар, қыздар көздерің күлімдеген,
Жазсам деп ем сіздерге шырынды өлең.
Көктем келіп құлпырып кетіпсіздер,
Бұрын мұндай сұлулық білінбеген.
Бозбала жүр сендер деп жырым да, әнім,
Болмаған соң оларға сырың мәлім.
Қайда кеткен қос бұлақ секілді еді,
Тобыққа ұрған қап-қара бұрымдарың?
Аққу-сезім ұша ма қалқып ойда,
Айлы түнде қос сырғаң жарқырай ма?
Баяғының қыздары тастамайтын,
Шаштарыңда сылдырмақ, шолпы қайда?
Бақытыңмен қоштаспа ұнап тұрып,
Айқайлама қалмасын құлақ тұнып.
Бұрым, шолпы, сырғаң да дәнеңе емес,
Махаббатқа керегі тұрақтылық!
Толқыны ұрған жағаға өр теңіздер,
Сияқты ғой кешегі он сегіздер.
Ең алдымен қажеті, жетіп жатыр –
Бір-біріңе қалтқысыз сенсеңіздер.
Ханымдары осынау сүйікті елдің,
Жан-жарым бар, дей алман үміткермін.
Бағалаңдар әрдайым махаббатты,
Аялаңдар сезімін жігіттердің.
Атсын дейін арайлап тұнық таңдар,
Дүниеге, байлыққа қызықпаңдар.
Отбасының күні ертең ұйтқысы да,
Тірегі де өздерің ұмытпаңдар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу