Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  59


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЖҮРЕК ЛҮПІЛІ

Дарын деген кез-келгенге қонбайды,
Оның бәрі ақыл-ой мен санадан.
Жүре-бара адам ақын болмайды,
Ақын болып туады ол анадан.
Кейде қолмен көсейді де шоқты олар,
Артық айтып, кейде басар жаңсақ та.
Магмадай қайнап тұрған от болар,
Жер шарының қай бөлігін алсақ та.
Қызықпайды ол атаққа да, жүлдеге,
Ажырамас қадір-қасиет, салтынан.
Шықса шығар ел-жұртым деп мінбеге,
Өзін биік санамайды халқынан.
Мүмкіндігі керемет қой адамның,
Алға мақсат қойып, оны жасар да.
Мынау ауыр зілзаласын заманның,
Көтеретін иық керек қашан да.
Үмітіңе сенім арт та үкілі,
Өр кеудең сол болсын оның ұясы,
Жүрегіңнің қосылмаса лүпілі,
Қаламыңның кеуіп қалар сиясы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу