Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  178


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЖҰМЫС

Еңбек етсең ерінбей ырыс-бағың,
Олжа әкелер ертеңге тырысқаның.
Қайда жүрсің, інішек, десе біреу,
Еңсем биік айтамын жұмыстамын.
Сыбанып кеп білекті сығып терін,
Ақтап жүр ме халқының үміттерін?
Тыңғылықты іс бар ма десе біреу,
Айта ала ма жауабын жігіттерім.
Басса-дағы қарыштап ілгері елі,
Бос жүрмейік, жасайық бірдеңені.
Демейді олар ат-тонын ала қашып,
Жұмыс десе тілдері күрмеледі.
Күрек ұстап көрмеген алақаны,
Аз ақшасын кештерге жаратады.
Көше кезіп сенделген байғұстардың,
Кеші батып, қалайша таңы атады?
Азаматы тірегі сол қараған,
Үйінде отыр мастығы тарқамаған.
Әйелі жүр нәпақа табамын деп,
Базарда ала қапшық арқалаған.
Тәрбие боп ата-ана тың істері,
Жақсы еңбекке ертерек кіріскені.
Ескірмейтін халқымның сол мақалы,
«Баланы жастан» деген дұрыс та еді.
Кірпіш соқтым, үй салдым, тас қаладым,
Қолдан келсе бәрін де атқарамын.
Тізе қосып көрсеткен ұйымшылдық,
Ұжымыммен мен бүгін мақтанамын.
Қызу шаруа бірі кеп, бірі кеткен,
Кенде емеспіз алғыс пен құрметтен.
Шаршасам да кешкілік көңіл тыныш,
Келе жатам әндетіп қызметтен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу