Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  103


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЖАРЫС

Құпия мен жұмбағы көп әр істің,
Зулар уақыт қалмас одан қалысқың.
Мынау бейбіт шат заманда куәміз,
Түр-түріне гуілдеген жарыстың.
Тізгініңді бекем ұста патшағар,
Әркім қаңқу сөзіменен бопсалар.
Шаршы алаңда тұлпарлар тұр тыпыршып,
Мұндай кезде бақ емес-ау бап шабар.
Бәрі жақсы құлақ естіп, көз көрген,
Айқайласып,бәйге атына дем берген.
Ал халқымның салт-санасы, дәстүрі,
Жарыста емес, озу болып өзгерген.
Шықпаса да ел ішінде жақсы аты,
Жомарт дейді мол болса егер ақшасы.
Керек емес жерлерде де кимелеп,
Қатарынан асып түсу мақсаты.
Үйі анау – жиһаздардың қоймасы,
Бәлкім, сенше дұрыс шығар, ойлашы.
Досы барды шетел асып, еліктеп,
Бұл да одан қалыспаудың пайдасы.
Көз ұшында жақын да емес аралық,
Шапқан кезде тер бұрқырап, жан алып.
Сол тұлпарлар қиса жақсы мәрені,
Қалмаса тек ала шаңға қамалып.
Бағаламай мүмкіндік пен өлшемді,
Жүргендерді жұрт та айырар белсенді.
Кей жарыстан ораласың мәз болып,
Кей жарыстар түсіреді еңсеңді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу